Бұл шара өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып, көгалдандыру жұмыстарын кеңейту мақсатында қолға алынды.
ERNUR.KZ. Көктемнің алғашқы күндерінде Сауран ауданында табиғатты аялауға бағытталған ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды. Бұл шара өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып, көгалдандыру жұмыстарын кеңейту мақсатында қолға алынды. Акция аясында 21 000 түп қара ағаш көшеті отырғызылды.
Ағаш отырғызу іс-шарасына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров бастаған жергілікті билік өкілдері, дербес бөлімдер мен мемлекеттік қызметшілер, дін өкілдері, спортшылар, қоғам белсенділері және ауыл тұрғындары белсене атсалысты. Қатысушылар ауданның жасыл белдеуін кеңейтуге өз үлестерін қосып, экологиялық мәдениетті дамытуға ықпал етті.
Көшеттер Шаға ауылдық округінде орналасқан Сыртқожанов көшесінің бойына егілді. Ұзындығы 4 шақырымға созылған көше жасыл желекпен көмкерілді. Бұл жұмыстарды атқаруға 6 арнайы техника бөлініп, ағаштарды суару мақсатында 2 су ұңғымасы қазылды. Сондай-ақ көшеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін олар арнайы қоршаумен қоршалды. Аталған экологиялық іс-шараға 1600-ге жуық адам қатысты.
Экологиялық бастаманы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары да қолдап, арнайы концерттік бағдарлама ұсынды. Бұл қатысушылардың көңіл-күйін көтеріп, табиғат қорғау жұмыстарына деген ынталарын арттыра түсті.
Сауран ауданында көгалдандыру және тазалық жұмыстары мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта ағаш отырғызу мен абаттандыру іс-шаралары жалғасып, аудан экологиясын жақсартуға бағытталған кешенді жобалар жүзеге асырылатын болады.