ТҮРКІСТАН: Сауранда 3,1 млрд. теңгенің жобасына қатысты меморандум жасалды

0
61

Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.


ТҮРКІСТАН: Сауранда 3,1 млрд. теңгенің жобасына қатысты меморандум жасалды

Сауран ауданында жалпы құны 3,1 млрд теңгені құрайтын екі ірі жоба жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірде инвестиция тарту бағытындағы қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Осы орайда аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен өткен жиында инвесторлармен және кәсіпкерлермен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.


Бұл келісім аясында Сауран ауданында жалпы құны 3,1 млрд теңгені құрайтын екі ірі жоба жүзеге асырылмақ. Оның бірі – Шаға ауылдық округінде салынатын сэндвич-панельдер өндіретін «Euro Sandwich Panel» ЖШС зауыты болса, екіншісі – Жүйнек ауылдық округінде бой көтеретін «JADO GROUP» ЖШС жиһаз фабрикасы. Сэндвич-панель зауытының құны 2,1 млрд теңгені құрап, жылына 900 мың м² өнім өндіруге қауқарлы болады. 2,5 гектар аумақта салынатын бұл нысан 2025-2026 жылдары іске қосылып, 30 адамды жұмыспен қамтиды. Ал жиһаз фабрикасының құны 1 млрд теңгені құрап, айына 1000 дана өнім өндіру жоспарланған. Аумағы 1,4 гектарды қамтитын өндіріс орны да 2025-2026 жылдары пайдалануға беріліп, 30 адамға тұрақты жұмыс орнын ұсынады.


Жиын барысында кәсіпкерлікті қолдау мақсатында іске қосылған Шаға өндірістік алаңының жұмысы мен даму барысы қатысушылар назарына ұсынылды. Бүгінгі күнге дейін мұнда 10 ғимарат пайдалануға беріліп, 500 жаңа жұмыс орны ашылғаны айтылды. Жыл соңына дейін тағы 30 өндірістік нысан іске қосылып, қосымша 70 гектар жер бөлінгені хабарланды. Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.


Сонымен қатар Қарашық, Иассы, Үшқайық, Шорнақ, Жүйнек ауылдық округтерінде құрылып жатқан шағын өндірістік алаңдардың жай-күйі таныстырылды. Аталған ауылдық округтерден өндірістік алаңдарға жер телімдері бөлініп, кәсіпкерлерге рәсімдеу бойынша ұсыныстар берілді. Бұл қадам әр саладағы кәсіпкерлерді бір орталыққа шоғырландырып, өндіріс орындарының жұмысын жүйелі жолға қоюға және өнімдерді нарыққа бірлесе шығару мүмкіндігін арттыруды көздейді. Алдағы уақытта Бабайқорған, Ескі Иқан, Жаңа Иқан, Майдантал ауылдық округтерінде де осындай өндірістік алаңдар салу жоспарланып отыр. Бүгінде бұл бағыттағы жер рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Бөлісу