ТҮРКІСТАН: Сауранда бірқатар нысан пайдалануға беріледі

0
506

2 000 орындық мектептің құрылысы басталып, ел игілігіне тапсырылмақ.


ТҮРКІСТАН: Сауранда бірқатар нысан пайдалануға беріледі

2023 жылы Сауранда бірқатар нысандар пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сауран ауданының орталығы Шорнақ елдімекенінен 38 га жер бөлініп, онда аудандық әкімдік, күштік құрылымдар ғимараттары мен инженерлік инфрақұрылымдардың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков мәлімдеді.


Бүгінгі таңда аудан әкімдігінің ғимаратының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл нысан келесі жылдың басында қолданысқа беріледі. Әкімшілік іскерлік орталықтағы басқа да ғимараттарды 2023 жылы толық пайдалануға беру жоспарланып отыр.


Сонымен қатар, Шорнақ елдімекенінде өрт сөндіру депосы мен 200 орындық аудандық орталық аурухананың, 500 орындық мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.


Аудан әкімінің айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша ауданда 7 мектептің құрылысына арнайы жер орындары белгіленіп, құжаттары рәсімделген. 2023-2024 жылдар аралығында С.Қожанов елдімекенінде 300 орындық, Еңбекші дихан мен Қарашық елдімекендерінде 600 орындық, Аша, Ынталы және Құмтүйін елдімекендерінде 900 орындық, ал Ескі Иқан елдімекенінде 2 000 орындық мектептің құрылысы басталып, ел игілігіне тапсырылмақ.


Қазіргі таңда Ескі Сауран қалашығының аумағында «Сапар орталығының» құрылысы жүргізілуде. Ал Оранғай ауылдық округінде жоба құны 2 млрд 200 млн теңгені құрайтын емдік сауықтыру және ойын-сауық қонақ кешенінің құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жеке демеушілер тарапынан іске асырылып жатқан қонақүй келер жылы пайдалануға беріледі.