Жоба толық іске қосылған кезде 42 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сауранда құны 1 миллиард теңгеден асатын мал бордақылау алаңының құрылысы жүруде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, салынып жатқан мал бордақылау алаңының құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталған жоба агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, ет өндірісінің көлемін арттыруға және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған. Қазіргі таңда нысанда негізгі құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Жобаға сәйкес, мал бордақылау алаңының жалпы аумағы 9,7 гектарды құрайды. Оның аясында 14 өндірістік және қосалқы нысан салу жоспарланған. Инвестиция көлемі 1,1 млрд теңгені құрайды. Жоба толық іске қосылған кезде 42 жаңа жұмыс орны ашылады.
Құрылыс алаңын аралау барысында аудан әкімі мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды қолдау, ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту және аудан экономикасының өсімін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.


