«Шаға», «Жүйнек», «Қарашық», «Иассы», «Үшқайық», «Қосмезгіл» және тамақ өнімдерін өндіретін «ДәмОрда» өндірістік алаңдары құрылды.
Саурандағы өндіріс аймақтарда 140-қа жуық ғимараттың құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Сауран ауданында 2025 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 71,4 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 105,7 пайызға артты. Аудан аумағында кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Шаға», «Жүйнек», «Қарашық», «Иассы», «Үшқайық», «Қосмезгіл» және тамақ өнімдерін өндіретін «ДәмОрда» өндірістік алаңдары құрылды. Сонымен қатар Оранғай ауылдық округінде «TURAN» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр. Аталған өндіріс аймақтарында 136 өндіріс ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 60 ғимараттың құрылысы толық аяқталып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында айтылды.
Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша бірқатар тапсырма берді.
– Инвестиция көлемін арттыру, жаңа жобаларға қолайлы жағдай жасап, инвесторлармен тығыз жұмыс жүргізу керек. Өндірістік аймақтар мен индустриялық парктерді қажетті инфрақұрылыммен қамту мәселесі жедел шешілуі тиіс. Келісілген жобалар бойынша құрылыс жұмысы уақтылы басталмаса, қайтарылатынын да ескертемін, – деді облыс басшысы.
Штаб отырысында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров инвестициялық аймақтар құру, инвесторлар тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. «Шаға» өндіріс алаңында 40 нысанның құрылысы аяқталып, 16 өндірістік ғимарат іске қосылды. Нәтижесінде 700 жаңа жұмыс орны ашылды. Қалған 24 өндірістік ғимараттарға жабдықтар орнатылуда. Ал 15 ғимарат бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.
Оранғай ауылдық округінде орналасқан «TURAN» арнайы экономикалық аймағында құны 69,2 млрд теңгені құрайтын 4 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, «Кентау көпсалалы зауыты» ЖШС-ның уран өндіруге пайдаланылатын қажетті құбырлар шығаратын зауытының, «Bereke plastic» ЖШС-ның бірреттік пайдалануға арналған ыдыс шығаратын зауытының құрылысы басталды. Сонымен қатар «Orzax» ЖШС-ның диеталық қоспалар мен дәрумендер шығаратын зауытының құрылысы наурыз айында басталмақ. «Diamond Steel Co Ltd» ЖШС-ның металл өндіру зауытының іргетасы қалануда.
Қарашық ауылынан өндірістік аймақ құруға 10 гектар жер бөлінді. 14 цехтың құрылыс жұмыстары басталып, 3 цехтың құрылысы аяқталды. Наурыз айында қосымша 5 цехтың құрылысы басталмақ. Аталған өндіріс алаңында жиһаз шығаратын, пластик өнімдерін өндіретін, құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар мен тігін цехы орналасады. Жалпы 170 жаңа жұмыс орны ашылады.
Иассы ауылында 9 гектар жер учаскесіне 21 цехтың құрылысы жүргізілуде. Бүгінде 4 цехтың құрылысы аяқталып, жабдықтары орнатылуда. Мұнда жиһаз, пластик өнімдері, құрылыс материалдары шығарылып, тігін цехы орналасады. 430 жаңа жұмыс орны құрылады. Жүйнек ауылында өндірістік алаң үшін 30 гектар жер бөлінді. Қазіргі уақытта 16 цехтың құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 12 цехтың құрылысы аяқталып, 6 цех іске қосылды. 250 адам жұмыспен қамтылды. Бұл аймаққа 6 жиһаз шығаратын цех, 10 құрылыс материалдарын өндіретін цех орналастырылып, 550 жаңа жұмыс орны ашылады.
«Үшқайық» өндірістік алаңына 18 гектар жер учаскесі бөлініп, 16 өндірістік жиһаз шығаратын ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Қосмезгіл ауылында 8 гектар алаңға 10 браунфилд салу жоспарланып, қазіргі таңда 3 жиһаз шығаратын өндіріс ғимаратының құрылысы жүруде. Еңбекші Дихан елді мекеніндегі 6,3 гектарға тамақ өнімдерін өндіретін «ДәмОрда» өндірістік алаңы құрылып, 18 цехтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Ауданға шетелдік инвесторлар тарту бойынша жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Бүгінде 10-ға жуық инвест-жоба қолға алынды.
Ауыл шаруашылығы саласында 2025 жылы 19,2 млрд теңгеге инвестиция тартылды. Аудан бойынша мал шаруашылығын дамыту үшін агро кешен жобаларын іске асыру жұмыстары жүргізілуде. 12 ауылдық округтен жалпы 200 гектар жер белгіленіп, 206 мал бордақылау алаңын салу жоспарланған. Қазіргі таңда 56 алаңның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, Үшқайық ауылдық округінде 28 гектар аумаққа балық шаруашылығын дамыту мақсатында 18 жоба жүзеге асуда. Қазіргі таңда 11 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 1 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.


