ТҮРКІСТАН: Сауранда төтенше жағдайдың алдын алу шаралары күшейтілді

0
87

Қазіргі таңда аудан орталығында және елді мекендерде арнайы техникалар жұмылдырылған.


ТҮРКІСТАН: Сауранда төтенше жағдайдың алдын алу шаралары күшейтілді

Сауран ауданында төтенше жағдайдың алдын алу шаралары күшейтілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сауран ауданында ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдайдың алдын алу және ықтимал қауіптердің алдын кесу бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Аудан аумағында ахуал тұрақты болғанымен, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлық жауапты қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде.


Қазіргі таңда аудан орталығында және елді мекендерде арнайы техникалар жұмылдырылған. Атап айтқанда, аудан орталығында 2 жүк тиегіш көлік, 2 жүк тасушы автокөлік, 3 трактор, сусорғыш қондырғы, УАЗ автокөлігі және микроавтобус кезекшілікке қойылып, төтенше жағдай туындаған жағдайда жедел әрекет етуге дайын. Сонымен қатар ауданға қарасты 12 ауылдық округтің әрқайсысында 12 дана трактор және 12 дана жүк көлігі әзірлікке келтірілген. Барлық техника тәулік бойы бақылауда ұсталып, қажет болған жағдайда дереу іске қосылады.


Аудан орталығында және қауіп аймағындағы елді мекендерде жүргізіліп жатқан алдын алу шараларын Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудан прокуроры Алмаз Асылбеков және аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Мұхтар Қуанышбаев бірлесіп бақылауда. Жауапты басшылар жағдайды зерделеп, тиісті қызметтерге нақты тапсырмалар жүктеді.


Теке елді мекенінде қосымша күштер шоғырландырылды. Мұнда 3 жүк тиегіш көлік, 2 су тасығыш көлік, экскаватор, трактор, медициналық автокөлік, «Нива» автокөлігі, полиция автокөлігі және автобус дайындыққа қойылған. Бұдан бөлек, 2 жүк тиегіш көлік, 2 жүк тасушы көлік, трактор және 2 УАЗ автокөлігі жұмылдырылған.


Жалпы үш ауылды қамтитын арнайы жедел әрекет ету тобы құрылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта Сауран ауданындағы жағдай тұрақты. Тиісті мекемелер тарапынан тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайдың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Бөлісу