ТҮРКІСТАН: Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған жиын өтті

0
458

100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды.


ТҮРКІСТАН: Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған жиын өтті

Түркістан қаласында 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы басқармалар үйі ғимаратында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған жиын өтті.


Алқалы басқосуға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшылығы, облыстық этномәдени бірлестіктер төрағалары мен мүшелері, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушы-профессорлары, ғалымдар, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері, «Ассамблея жастары» РҚБ облыстық өкілдігінің мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.


Жиынды Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары – Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Дәурен Сариев ашып, жүргізіп отырды.


«Бұл күн – Қазақстан қоғамы үшін әрі қасіретті, әрі қасиетті дата. Ел ішінде ХХ ғасырдың өн бойында жалғасқан саяси-қуғын сүргіннің ызғары шарпымаған әулет жоқ. Қиын-қыстау кезеңде қазақ жеріне тұтас халықтар жер аударылды. Сол этнос өкілдерінің барлығы бүгінде біздің бауырларымызға, отандастарымызға айналды. Тар жерде табысқандардың ұрпағы кең жерде келісіп, бүгін тағдыры бір Қазақстан халқы деген ұлы елге айналды. Төрт тарапты түгел мойындатып, өркендеу жолына түсті. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, бүгінде жүйелі жұмыстар атқарылуда», - деді Д. Сариев.


Деректерге сүйенсек, зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Бұл зобалаңның қасіретін үш миллионға жуық адам тартты. Жалпы 1931-1933 жылдар аралығында республиканың 6,5 миллион халқының 2,1 миллионы ашаршылық құрбаны болды.


Келелі жиында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Х.Тұрсын мазмұнды баяндама жасады.


«Ел тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлерімен қатар, «тар жол тайғақ кешкен» тақсыретті кезеңдердің де аз болмағаны ащы ақиқат. Бүгін - қазақ халқының демографиялық әлеуеті мен адами капиталына өтелмес шығын әкелген нәубеттердің құрбанын еске алу күні. Сол құрбандардың ең көрнекті өкілдерінің бірі, биыл 150 жылдығы тойланып жатқан Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетіне «Әлхамдуилилла, аз емеспіз. 6 миллион қазақпыз» деп жазғанда араға ғасыр салып, туған халқының саны 13 миллионға әрең жететінін білмеген еді. Шыны керек, 1930 жылдан басталып, 1987 жылға дейін толқын-толқынмен жалғасқан саяси қуғын-сүргіннің құпиясын әлі толық зерттеп болмай жатырмыз. Дегенмен, ізденіс жұмыстары жоқ емес. Былтыр желтоқсанда «Ашаршылық. Голод. 1928-1934 Деректі хроника» атты кітабының төртінші және бесінші томы таныстырылды. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевпен кездесу кезінде біраз ұсыныстарымызды айттық, төраға бізді қолдады. Елімізде саяси қуғын-сүргін жөніндегі жабық архив қорларын жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізілуде, аталған кітаптардың жалғасы болады», - деді белгілі ғалым.


Сондай-ақ жиында Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Е.Нұржанов, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры, филология ғылымдарының докторы С.Садықұлы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясының мүшесі Л.Динашева, Нәзір Төреқұлов музейінің аға ғылыми қызметкері А.Исабекова сөз сөйлеп, аталған күннің мән-маңызына тоқталды.


Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.


Жиынды қорытындылаған Дәурен Сариев бұл атаулы күн ұлтты тұтастыратын және өткен дәуірдің қасіреті туралы түрлі ұстанымда жүрген адамдардың бәрін ортақ диалогқа шақыратын, әлеуметтік маңызы бар күн екенін айтты. Сондай-ақ біздің алдағы борышымыз - тарихтан тағылым ала отырып, жаңа Қазақстанға бет бұру екенін жеткізді.