ТҮРКІСТАН: Семей полигонына 30 жыл толуына орай ескерткіш орнатылды

0
964

Семей полигоны зардаптарымен күресуге қатысқан ардагерлерге ай сайын ақшалай көмек беріледі.


ТҮРКІСТАН: Семей полигонына 30 жыл толуына орай ескерткіш орнатылды

Түркістан қаласында Семей полигонына 30 жыл толуына орай ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Тасқа қашалған таңбадай ғасырлар бойы ұмытылмайтын ұлтымыздың ең шерлі шежіресі - Семей полигонының жабылғанына биыл 30 жыл. Бүгін Түркістан шаһарында ядролық сынақ зардаптарынан қаза тапқандардың тізімі жазылған ескерткіш қойылды. Ескерткіш қаладағы "Жеңіс" саябағында орналастырылды.


Ашылу салтанатына Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Жандос Қалмырзаұлы мен Түркістан облысы "Ядролық сынақ полигоны ардагерлері мен мүгедектер қоғамы бірлестігінің" мүшелері қатысты.


"Қазақ тарихында шежірелі шер боп сақталған полигонның зардаптары 1,5 миллионнан астам адамның өмірін жалмады. Біз үшін осы зардаптың алдын алуда жан салып күрескен Сіздердің орындарыңыз ерекше. Осындай қасіретпен күресуде елі үшін аянбай еңбек етіп, осы жолда қаза тапқандарға бас иіп алғыс айтамыз!", - деді алғы сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары.


Салтанатты рәсімде ескерткіш ашылып, Семей полигоны зардаптарымен күрескен Түркістандық ардагерлер ескерткішіне гүлшоқтарын қойды.


Жалпы Түркістан қаласында Семей полигоны зардаптарымен күресуге қатысқан 579 ардагер бар. Оларға ай сайын 25 АЕК ақшалай көмек беріледі.