1 400 түлек оқуға қабылданады деп жоспарланып отыр.
«Серпін» бағдарламасы бойынша еліміздегі 18 ЖОО-ның өкілдері Түркістан облысына келген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шілденің 13-нен бері «Серпін» бағдарламасы бойынша еліміздегі 18 ЖОО-ның өкілдері Түркістан қаласындағы «Жастар ресурстық орталығы» мен Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-де, Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы ОҚУ-де және Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, құжат қабылдау жүргізіліп жатыр. Бағдарлама аясында мемлекеттік грантқа құжат қабылдау 20 шілдеге дейін жалғасады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2023-2024 оқу жылына халық тығыз қоныстанған, батыс өңірлердің және жаңадан құрылған облыстардың жастарына бөлінген мемлекеттік білім беру гранты және оған құжат қабылдау барысы туралы айтылды.
Брифингте белгілі болғандай, ауыл түлектеріне арналған бағдарлама аясында 2023-2024 жылғы оқу жылдарына 3 653 грант бөлініп отыр. Оған Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарының түлектері қатыса алады. Бұл ретте, республика бойынша биыл бөлінген гранттың 30 пайызын түркістандық талапкерлердің иеленуге мүмкіндігі бар, яғни 1 400 түлек оқуға қабылданады деп жоспарланып отыр.
Брифингте Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы Мұрат Асаров 2023-2024 оқу жылына бөлінген гранттар жайлы баяндады. Спикердің пікірінше, жалпы республикаға университет тарапынан «Серпін» бағдарламасы бойынша 592, педагогикалық мамандықтарға 380, техникалық және ауыл шаруашылығы саласыдағы мамандықтарға 105 грант бөлінген. Одан бөлек, Түркістан қаласына 21 грант бөлініп, оның қазір төртеуіне ғана үміткер бар.
Сонымен қатар, брифингте Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану білім беру бағдарламасының жетекшісі Гүлнұр Қонарбаева Түркістан қаласына бөлінген гранттар жайында мәлімдеді.
«Бүгінде біздің университет тарапынан оңтүстік өңіріне «Серпін - 2050» жобасы бойынша 95 грант ұсынылып отыр. Одан бөлек, Түркістан қаласының түлектеріне 16 мемлекеттік грант берілген. Атап айтсам, Электр техникасы және энергетика, Автокөлік құралдары, Тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру, Кадастр және жерге орналастыру, Көлік құрылыстары мамандықтарына құжат тапсыруға болады. Сонымен қатар, универстетімізге оқуға түсіп жатқан түлектер үшін әр түрлі жеңілдіктер беріледі. Оңтүстіктен келген студенттерге жатақхана бағасы 5 мың теңге, ал көпбалалы отбасылардан шыққан студенттерге тегін болады. Бүгінде техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары, сол үшін осы мамандықтарға оңтүстіктен келетін түлектер үшін шекті бал 50 деп белгіленді», - деді Гүлнұр Нұрлыбекқызы.
Осы уақытқа дейін «Серпін» бағдарламасы бойынша тегін білім алған студенттер оқу бітіргеннен кейін оқыған өңірлерінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттелген болса, ендігі уақытта талап өзгеріп еңбек өтеу мерзімін азайтып, екі жыл жұмыс істеу міндеттелді. Сондай-ақ, жас мамандар тек оқыған өңірінде ғана емес, солтүстік, батыс және шығыс өңірлеріне қарасты 11 аймақта жұмыс істеуіне болады. Яғни, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен өз өңірінен тыс жерде болуы тиіс.
Бұдан бөлек, брифингте С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Оқу-әдістемелік бөлімінің әдіскері Нұржан Рустемова «Серпін - 2050» жобасы бойынша университ тарапынан оңтүстік өңіріне 415 грант, бұдан бөлек Түркістан қаласына 14 мақсатты грант бөлінгендігін айтты. Бүгінде гранттар бойынша ақпараттық технологиялар білім беру бағдарламасына үш адам ынта білдіріп, қалған білім беру бағдарламалары әзірге игерілмеген.
Жалпы бағдарлама аясында гранттар Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстарында орналасқан университеттерге бөлінеді. Гранттар техникалық ғылым, ауыл шаруашылығы, медицина саласын қамтиды. Биыл 1 қыркүйектен бастап шәкіртақыны бакалавр студенттеріне 20 пайызға, магистратура студенттеріне 15 пайызға дейін өсіру жоспарланған.