ТҮРКІСТАН: Шардара ауданында зауыттар мен кәсіпорындар көбейеді

0
681

Жұмыстар биыл аяқталады.


ТҮРКІСТАН: Шардара ауданында зауыттар мен кәсіпорындар көбейеді

Түркістан облысы, Шардара ауданында құны 1,7 млрд. теңгені құрайтын жаңа 10 инвестициялық жоба іске асырылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Былтыр Түркістан облысы, Шардара ауданында құны 1,7 млрд. теңгені құрайтын жаңа 10 инвестициялық жоба іске асырылып, 118 жаңа жұмыс орны ашылған. Биыл 3,6 млрд. теңгеге 7 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Шардара тұрғындарымен есептік кездесуінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді. Облыс әкімі ауданның инвестициялық әлеуеті жоғары екеніне, бұл бағытта жұмыс жүріп жатқанына тоқталды.


«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде тапсырма берді. Биыл елімізде «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылады. Ауыл тұрғындарына 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Түркістан облысына бұл бағытта 11 млрд. теңге бөлінді, қосымша қаржы сұралып, 20 млрд. теңгеге жуықтап отыр. Шардара ауданында бұл бағдарламаны пилоттық режимде Алатау батыр, Тұрысбеков ауыл округтерінде іске асыру жоспарлануда. Ел ол несиені алғаннан кейін нақты жұмыс істеп, шаруашылықты дамыту керек. Жауапты басқарма, аудан, ауыл әкімдері тұрғындарға осыны дұрыс түсіндірсін. Шардара ауданы алдымен су қоймасымен танымал. Шардараның балық өнімдері Еуропаға экспортталып жатыр. Даңқты спортшыларымен де әлемге әйгілі. Ауданда ауыл шаруашылығы, өндірісті дамытуға күш саламыз. Бірнеше ірі кәсіпорын салынады. Инвесторлар тартылып жатыр. Тігін фабрикасы, мақтаны өңдеу және май шығару зауытының құрылысы және өзге де жобалар бойынша 200-ден астам жұмыс орны ашылады. Жүгеріні терең өңдейтін зауыт ашу бойынша да инвестор тартып, келісім жасадық. Арнайы зауыт салатын жер дайындалуда. Бұл зауыт өнімінің 80 пайызы экспортқа бағытталады. Біз бірлігімізді сақтай отырып, ауданды дамытамыз», – деді Дархан Сатыбалды.


Кездесуде тұрғындар газ, шіркейді залалсыздандыру, қоғаммен байланыс, жеңілдетілген несие шартын түсіндіру, ифрақұрылым, денсаулық сақтау мәселелері бойныша өтініштерін айтып, сұрақтарын қойды. Облыс әкімінің жеке қабылдауында да түрлі мәселе көтерілді. Өңір басшысымен бірге құқық қорғау мекемелері мен облыстық басқармаардың басшылары да қабылдау өткізіп, елдің мұңын тыңдады.


Облыс басшылығының Шардара тұрғындарымен былтырғы кездесуі нәтижесінде бірқатар мәселе шешілген. Балық шаруашылығын субсидиялауға облыстық бюджеттен биылға 500 млн. теңге қарастырылды. Былтыр бюджеттен қаржы бөлініп, Шардара қаласы мен ауылдық округтердегі елді мекендерде 44 көше жөндеуден өткізілді. Тұрғындардың кездесудегі өтінішімен Шардара қаласындағы Жүргенов көшесіне асфальт, Жақаев көшесіне тас төселіп, пайдалануға берілген. Осы жылы бұл мақсаттарға 1 млрд. теңге қаржы жоспарланып, 57 көше жөндеуден өткізілмек. Шардара қаласының тұрғындары қалалық емхана құрылысын аяқтау мәселесін көтерген болатын. Оған арнайы қаржы қаралып, 150 келушіге арналған қалалық емхана ел игілігіне тапсырылған. Ауданда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2 жаңа мектеп бой көтереді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Жаушықұм елді мекенінде мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарына 397 млн. теңге қаралған. Жұмыстар биыл аяқталады.


Шардара ауданында өнеркәсіп өнім көлемі 17,6 млрд. теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 5,3 млрд. теңгеге артты. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 35,5 млрд. теңгені құрап, 5,8 млрд. теңгеге артып отыр. Ауыл шаруашылығы саласында былтыр 60,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.