ТҮРКІСТАН: Шардарада шешілмеген мәселе көп

0
642

Тұрғындар көптеген мәселені көтерді.


ТҮРКІСТАН: Шардарада шешілмеген мәселе көп

Шардара ауданының әкімі халықпен кездесуін бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


ҚР Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай халықпен кездесуін және азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауын бастады. Аудан басшысы бүгін Достық, Ақшеңгелді және Сүткент ауылдық округтері тұрғындарымен кездесіп, талап-тілегі мен жеке мәселелерін тыңдады. Әр кездесу барысында 2021 жылғы атқарылған жұмыстар бойынша қысқаша бейнеролик көрсетіліп, қысқаша баяндама жасалды. Сондай-ақ, аудан басшысы әр ауылдық округ тұрғындарымен сұрақ-жауап үлгісінде кездесулер өткізіп, талап-тілектерін тыңдады.


Кездесулер мен жеке қабылдау барысында ауылдық округтерінің тұрғындары ішкі ағын су каналдарын жөндеу, ағын су, мал етін өткізу мәселесі, Қазпошта ғимаратын жөндеуден өткізу, қосымша егістік жер алу, ағын су төлемақысын реттеу, интернет желісін күшейту, мәдениет үйін салу, электр сымын тарту, қосымша саябақ және спорт залын салу, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді конкурсқа қойғанда жергілікті ауыл тұрғындарына басымдық берілетін заңды тетіктер болса, тұрғын үй мәселесі, балабақша салу үшін жер алу, жайылым жерді ұлғайту, балық шаруашылығын арналған мемлекеттік көмек мәселесі, көшеге тас төсеу, ауыз су, ПУИД-2 жобасы арқылы ағын су каналдарын қайта құрылымдаудан өткізу, «Аманат» партиясының жұмысын жүйелеу, қосымша жұмыс орындарын қарастыру, жабық спорт алаңшасын салу, суармалы жер мәселесі, атаулы әлеуметтік көмек мәселесі, қоғамдық жұмыс, қоқыс полигонын көшіру және басқа да әлеуметтік мәселелерді көтерді.


Тұрғындармен кездесу барысында аудан басшысы ауданның негізгі күн көрісі ауылшаруашылық, оның ішінде егістік саласы екенін айтып, қажетті ағын су, тыңайтқыш, жанар-жағармай және басқа да шаруаға қажетті мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер әрдайым назарда тұрғанын жеткіді. Сондықтан әр ауылдық округтегі шаруалардың мәселесін шешу бойынша жұмыс істейтінін атап өтті. Сонымен қатар басқа да қозғалған мәселелер бойынша жауап беріп, жан-жақты талқылау жүргізді.


Айта кетейік, аудан басшысы әр тоқсан сайын аудан тұрғындарымен кездесулер өткізіп тұратын болады.

Бөлісу