Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК 293-бабы "Бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері су қорғау инспекторларын атқан күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шардара АПБ-не Сарыағаш ауданының тұрғыны, су қорықшысы болып қызмет атқаратын азамат арызданады. Ол өз арызында түнгі 04:00 шамасында қасында 2 әріптесімен су қоймасының №1 учаскесінде заңсыз балық аулаушыларды анықтау мақсатында рейдтік іс-шара жүргізіп, жан-жақтағы аймақтарды бағдарлап жүріп, қайықпен балық аулап жүрген 3 күдіктіні байқап қалғанын хабарлаған. Су қорғау инспекторларын көріп, күдіктілер жасырынуға әрекет жасайды, бірақ 17 шақырымнан кейін олардың қайығы таяз жерге келіп жүрмей қалады. Осы кезде жағалауда қолында аңшы мылтығы бар белгісіз азамат пайда болып, ол жерге қарай оқ атып, осылайша инспекторларды қарумен қорқытып, ұялы телефондарын алып, балықшымен бірге белгісіз бағытқа қашып кеткенін көрсеткен.
Күдіктілерді іздеу және ұстау мақсатында полиция бөлімінен арнайы топ құрылады, соның ішінде жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторларыда болды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, Шардара АПБ-нің полиция қызметкерлері инспекторларға оқ атқан күдіктіні өз үйінен құрықтады. Ол Шардара ауданының тұрғыны, браконьерлердің бірінің әкесі болып шықты. Тәртіп сақшылары ұсталған күдіктіден 16 калибрлі аңшы мылтығы мен жәбірленушілердің ұялы телефонын тәркіледі. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК 293-бабы "Бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды, өз кінәсін толық мойындады. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысының аумағында қазіргі уақытта "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Шара табиғат қорғау заңнамасы, заңсыз аң аулау, су жануарларын аулау, ағаш кесу, объектілер мен биологиялық ресурстар өнімдерінің заңсыз айналымы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары азаматтарды табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға және табиғатты қорғауға шақырады!