«Оң жақ сүт безінің қатерлі ісігі, ІІІ стадия» диагнозымен 2019 жылдан бері диспансерлік есепте тұр.
Түркістан облысы, Шарадара ауданының тұрғыны жәрдемақы ала алмай қалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Күні кеше КТК арнасындағы «Дау-дамайсыз» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі Жазира Бегалы әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы шардаралық Эльмира Садақбаеваның мәселесін көтерген еді. Оның айтуынша, Эльмира есімді тұрғын «сүт безінің қатерлі ісігі» бойынша мүгедектер қатарына жатқызылған. Алайда, біршама уақыт жәрдемақы ала алмаған екен.
Аталған жағдай бойынша Шардара ауданы әкімдігімен байланысып көрдік. Нәтижесінде Шардара аудандық орталық ауруханасы Эльмира Есіркепқызына қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, 1985 жылы туылған Эльмира Садақбаева «Оң жақ сүт безінің қатерлі ісігі, ІІІ стадия» диагнозымен 2019 жылдан бері диспансерлік есепте тұр. Облыстық клиникалық ауруханаға қарасты Онкологиялық орталықта бірнеше рет спецификалық емін алған. Сонымен қатар қалалық онкологиялық диспансерде сәулелік терапия қабылдаған. Оперативтік ем жасалынған. Дегенмен, жүргізілген спецификалық ем әсер бермей, ісіктің дамуы байқалады екен.
«Шардара аудандық ауруханасы тарапынан ауырсынуға қарсы «Кетанол», «Трамадол» препараттары рецепт арқылы тегін қамтамасыз етілген. Соңғы уақытта трамадол препаратының көмектеспеуіне байланысты «Морфин» наркотикалық ауырсынуға қарсы препараты ұсынылған, бірақ пациент бас тартқан. 30.10.2023-03.11.2023 жж және 03.01.2024-08.01.2024 жж аралығында аудандық емхана жанындағы күндізгі стационарда симптоматикалық ем қабылдаған. Науқастық күтіміне көмектесу мақсатында тәулік бойғы стационардағы паллиативтік төсек орынға емдеуге жатқызу бойынша ұсыныстар жасалған, алайда бас тартқан.
Пациент аталған сырқат бойынша 18.12.2019 жылдан бері ІІ топ мүгедегі. Соңғы рет мүгедектікті создыру бойынша 28.12.2023 ж. «031/е» формасы толтырылып, сырттай проактвті куәландыруға жіберілген. Алайда техникалық ақаулыққа байланысты бетпе–бет куәландыруға жолданылып кеткен. Бірнеше рет қайта жолдауға жасаған әрекеттер сәтсіз болып, тек 1 айдан кейін қайта жолдау ұсынылған. 29.01.2024 ж. мүгедектікті қайта куәландыру бойынша «031/е» нысан қайта толтырылып, сырттай прокативті куәланлыруға жолданып, сәтті өткізілді. Бүгінгі таңда эксперттердің жауабы күтілуде», - деп мәлімдеді аудандық аурухана қызметкерлері.