Жыл соңына дейін 80 отбасы баспаналы болады.
2020 жылы Шардара ауданында 12 баспана табысталған, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен қолға алынып, іске асырылған көмекке мұқтаж жандарға демеу болған «Қамқорлық» бағдарламасы аясында Шардара ауданы әкімі Қ.Жолдыбайдың ұйымдастыруымен жергілікті кәсіпкерлер мен демеушілік жасайтын ерікті азаматтар күнкөрісі төмен көпбалалы отбасыларды және жүріп-тұруы қиын мүмкіндігі шектеулі азаматтарды баспанамен қамтуды қолға алған. Осы орайда аудан азаматтары 2020 жылы 9 баспана беруді жоспарланған екен. Алайда шағалалы өңірдің тұрғындары бүгінгі күнге дейін жоспарды артығымен орындап, 12 баспана мұқтаждардың игілігіне беріліпті. Жыл соңына дейін тағы да 3 тұрғын үй табыстауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, Шардара ауданында мемлекет тарапынан 4 қабатты, 40 пәтерлі 2 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Яғни, жыл соңына дейін үй кезегінде тұрған 80 отбасы баспаналы болады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Шардара ауданында атаулы әлеуметтік көмек алатын, аз қамтамасыз етілген 1713 отбасы бар.