Тұрғындардың өтініштерін орындау бағытында да жүйелі жұмыс бар.
Шардара ауданы тұрғындарын ұзақ жылдар бойы мазалаған ауыз су мәселесіне назар аударылып, тиісті жұмыс басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен инфрақұрылымды дамыту мәселесі шешімін тауып келеді. Тұрғындардың өтініштерін орындау бағытында да жүйелі жұмыс бар. Соның бірі – Шардара ауданы тұрғындарын ұзақ жылдар бойы мазалаған ауыз су мәселесіне де назар аударылып, тиісті жұмыс басталды.
Бүгін аудан орталығынан 39 шақырым қашықтықтағы Шардара-Байырқұм жер асты су кен орны, яғни, Қ.Тұрысбеков ауылдық округі, Тама-Тастанбек учаскелеріндегі құрылыс жұмыстары бастау алды. Мердігер мекеме «Алтын констракшн» ЖШС құрылыс техникалары мен материалдарын межеленген учаскеге апарып, жұмысқа кірісіп кетті.
Топтық су құбырының ұзындығы 39,28 шақырымды құрап, оның қуаттылығы тәулігіне 12 000 м3 құрамақ. Сондай-ақ жобада І-ІІ көтерілімдегі су сорғы станциясы және 40 шақырым электр желісін жүргізу жоспарланған. Мұнда 2008-2009 жылдары Шардара-Байырқұм жер асты су кен орнына қайта барлау жұмыстары жүргізіліп, жер асты су қоры бекітілген. Жоба іске асқанда Шардара қаласы мен оған іргелес жатқан 22 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.