ТҮРКІСТАН: Шетелдік инвесторлар жаңа флоат-шыны өндіру жобасын іске асырмақ

0
125

350 мың тонна кварц құмын өндіру кешені және басқа да нысандар салу жоспарлануда.


ТҮРКІСТАН: Шетелдік инвесторлар жаңа флоат-шыны өндіру жобасын іске асырмақ

Түркістан облысында шетелдік инвесторлар жаңа флоат-шыны өндіру жобасын іске асыруды көздеп отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жобаны жіті зерделеу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек шетелдік инвесторлармен кездесті. Кездесу барысында тараптар өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырып, жер және инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын талқылады.

Инвестицияның жалпы көлемі шамамен 220 млн АҚШ долларын құрайды. Жоба 2 кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде жылдық қуаттылығы 480 мың тонна жоғары сапалы флоат-шыны өндіру зауытын іске асыру көзделген. Ал екінші кезеңде жылдық қуаттылығы 350 мың тонна кварц құмын өндіру кешені және басқа да нысандар салу жоспарлануда.

Қайыпбек Қанат облыс әкімдігі инвестициялық жобаларға ашық екенін жеткізіп, әлеуетті жобаларға заң шеңберінде қолдау көрсетілетінін айтты.

– Жоба Түркістан облысының ғана емес, республикамыздың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосатынына сенімдімін. Өңірімізде отандық өндірісті дамыту мен импортты алмастыруға бағытталған жобаларды, оның ішінде шыны өнімдерін өндіру жобасын іске асыру үшін жоғары әлеует бар. Ресурстық базаға келер болсақ, Қазығұрт және Созақ аудандарында кварцты құм қорлары шоғырланған. Түркістан облысы әкімдігі жобаның жүзеге асырылуы үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұған дейін инвесторлар өңірдің кварцты құм кен орындарымен танысып, зертханалық талдаулар жүргізген болатын. Зерттеулердің оң нәтижелері мен компания директорлар кеңесі қабылдаған шешімі негізінде жобаны Түркістан облысында іске асыру жоспарланып отыр.

Бұл компания ғылыми-зерттеу жұмыстарын, өндіріс пен сатуды біріктіре отырып, жоғары сапалы шыны түрлерін өндіреді. Компанияда 18 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.

Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның шыны өнімдері нарығында импортқа деген тұрақты сұраныс сақталуда. Аталған кезеңде шыны импорты 277 млн АҚШ долларын құраса, экспорт көлемі 46 млн АҚШ долларын құрады.

Бөлісу