ТҮРКІСТАН: С.Қожанов атындағы музейдің жаңа ғимараты пайдалануға берілді

0
1 090

Музейдің ашылу салтанатына ауыл тұрғындары, Сұлтанбек Қожановтың туған-туыстары қатысты.


ТҮРКІСТАН: С.Қожанов атындағы  музейдің жаңа ғимараты пайдалануға берілді

Шолаққорған ауылында Сұлтанбек Қожанов атындағы өлкетану музейдің ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында Түркістан облысы, Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында Сұлтанбек Қожанов атындағы өлкетану музейдің ғимараты пайдалануға берілді. Осы уақытқа дейін ескі және шағын ғана ғимаратта орналасқан музей, енді жаңа, зәулім нысанда халыққа қызмет көрсетеді. Музейдің ашылу салтанатына ауыл тұрғындары, Сұлтанбек Қожановтың туған-туыстары қатысты. Аудан әкімі Салыхан Полатов қатысып құттықтау сөз сөйледі.


«Музей – өткеннің шежіресі. Сондықтан да жаңа музей ғимараты терең тарихы, құнды жәдігері мол Созақ ауданы үшін ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына лайықты тарту болды деп есептеймін. Біздің алдымызда музей жұмысын жандандырып, халыққа рухани азық беретін құнды жәдігірлермен толықтыру міндеті тұр», – деді ол.


Сондай-ақ музейдің ашылуына Түркістан облысының мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысып, жылы лебізін арнады. Сұлтанбек Қожановтың інісі — Сайдулла Қожановтың баласы Сұлтанбек Қожанов та естелік айтып, жаңа өлкентану музейінің алдағы жұмысына ақжарма тілегін жеткізді.


Музейде тарихи мұраларды сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Орта ғасырдан жеткен жәдігерлер, қазан төңкерісіне дейінгі жергілікті халықтың тұтынған заттары, балбал тастар, жергілікті күйші, ақын-жазушылардың, спортшылар құнды дүниелері, Төлеген Момбековтың, Дина Нұрпейсованың ұстаған қара домбырасы, ел Тәуелсіздігінен, аудан тарихынан сыр шертетін мұралар орналасқан. Қазіргі таңда музей қорында 2700-ден астам астам жәдігер сақталған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру үшін алдағы екі жылда құнды жәдігердің санын 5000-ға жеткізу жоспары бар. Сұлтанбек Қожанов атындағы өлкетану музейінің құрылысы аудандық бюджеттен соғылды. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталып, биыл ел игілігіне берілді.


«Жаңа ғимараттың соғылуына ықпал еткен азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Ауылдарда жаңа мәдениет үйі бой көтерді. Осындай істі ұйымдастыра білген аудан әкімі Салыхан Полатовқа алғысымды білдіремін. Біз осылай қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың есімін қайта жаңғырттық. Музей қызметкерлерінің алдында болашақ үшін мәдени мұраны сақтау, құнды тарихи жәдігерлерді насихаттау, оны ел ішінен толықтыру сынды үлкен міндет тұр», - деді жұртшылыққа жәдігерлерді таныстырған Музей директоры Ниязәлі Дүйсенбек.