ТҮРКІСТАН: Созақ ауданында мәдениет үйі ашылды

0
881

Заманауи үлгіде соғылған 75 орындық мәдениет үйі, шығармашылық орынға айналады.


ТҮРКІСТАН: Созақ ауданында мәдениет үйі ашылды

Созақ ауданы, Қарағұр ауыл округінде жаңа мәденит үйінің ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Кеңес үкіметінен қалған ескі мәдениет үйі тоқсаныншы жылдары жарамсыз болғандықтан бұзылып, тұрғындар әр мерекелік кешті жергілікті мектепте өткізетін. 2300 тарта тұрғын бар ауылға мәдениет үйі жетіспейтін. Аудан әкімінің халықпен кездесуінде де бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Бүгін қарағұрлықтардың көптен күткен арманы орындалды. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай мәдениет үйі ашылды.


Жаңа мәдениет үйінің ашылу салтанатында сөйлеген аудан әкімі Салыхан Полатов жұртшылықты ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтап, мәдениеттің өсуі – халықтың өсуі, ұлттың өркендеуі екенін жеткізді.


«Сондықтан да мемлекет мәдениет саласының дамуына ерешке мән беріп келеді. Созақ ауданында да бұл салада үлкен жұмыстар атқарылды. Күллі қазақ үшін құнды мәдени ескерткіш – Ақбикеш мұнарасы қайта жөндеуден өтті. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына енген тарихи құнды жәдігер, «Таңбалы тас» тарихи ескерткішіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Аққолтық елді мекеніндегі мәдениет үйінің құрылысы басталды. Сұлтанбек Қожанов атындағы зәулім музей құрылысы аяқталды. Мерейлі мереке қарсаңында пайдалануға беріліп, тарихтан сыр шертетін рухани-мәдени орталыққа айналады. Міне, бүгін Қарағұр елді мекеніндегі мәдениет үйі Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ашылып отыр. Бұл бәріміз үшін үлкен қуаныш», - деді ол.


Айта кетсек, мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары биыл мамыр айында басталды. Мерейлі мереке ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығында салтанатты түрде тұсауы кесілді. Заманауи үлгіде соғылған 75 орындық мәдениет үйі, шығармашылық орынға айналады.