ТҮРКІСТАН: Созақ ауданының әкімі зиялы қауым өкілдерімен кездесті

0
635

Барлық ұсыныс назарға алынады.


ТҮРКІСТАН: Созақ ауданының әкімі зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Түркістандық зиялы қауым өкілдері созақ ауданының әкімімен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Созақ ауданының мәдениет үйінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков зиялы қауым өкілдерімен кездесті. «Ынтымақ түбі – игілік» атауымен өткен кездесуде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ернар Сағындық хабарлама жасады. Аудан әкімі тағылымды басқосудың мақсаты зиялы қауым өкілдерінің ұсыныс-пікірін тыңдап, ашық жарқын әңгімелесу екеніне тоқталды.


«Қашанда халық ортасынан табылатын сіздердің пікірлеріңіз біз үшін маңызды. Сіздермен кеңесе отырып, елдің бірлігін нығайту, ауданды дамыту бағытында жұмыс істеуге дайынбыз. Туған жерді түлету жолында айтылған ұсыныстарыңызды қолдаймыз. Әрдайым ашық диалог құруға әзірміз», – деді аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков.


Кездесуде Қ.Кемелұлы атындағы шығармашылық бірлестіктің төрағасы, ақын, жазушы Мыңжасар Асқаров созақтық ақын-жазушылардың шығармаларын кітап етіп шығарып беруге жәрдем сұрады. Кітапхана мәселесін де қозғады. Аудандық «Созақ үні» газетінің тілшісі Данияр Беков газеттің сапасына қатысты мәселе көтеріп, жастар тәрбиесі туралы ой қозғаса, жазушы Тұрысбек Шылманбетов «Созақ көтерілісіне қатысушылардың тізімі жасалса, бір көшеге көтерілістің бас сардары Салықбай мергеннің аты берілсе» деген ойын жеткізді. Өзге де қаламгерлер мен ел ағалары өз пікірлерін білдіріп, мәселелер көтерді. Кездесуді қортындылаған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков барлық ұсыныс назарға алынатынын айтты.