ТҮРКІСТАН: Созақта кітапхананың 80 жылдығы аталып өтті

0
1 049

«Рухани ордаға 80 жыл!» деп аталады.


ТҮРКІСТАН: Созақта кітапхананың 80 жылдығы аталып өтті

Созақта аудандық кітапхананың 80 жылдығына арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Созақ аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде Созақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің құрылғанына 80 жыл толуына орай «Рухани ордаға 80 жыл!» атты салтанатты шара өтті. Кеш шымылдығы кітапхана тарихын баяндайтын бейнероликпен түрілді. Жиынға Созақ ауданы әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, аудан тұрғындары мен кітапхана ұжымын айтулы мерекемен құттықтады.


«Кітапхана дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы. «Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды» дегендей, егемен еліміздің болашағы мен жастардың мәдени-танымдық қабілетін қалыптастыратын мәдени ортаның бірі кітапхана екендігін бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Өткен ғасырдың 1943 жылы құрылған Созақ аудандық кітапханалар жүйесі 80 жылдық тарихымен ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Түрлі шаралар ұйымдастырылып, ұлттық дәстүріміз бен құндылықтарды нығайтуда мол табысқа қол жеткізуде. Алдағы уақытта кітапхана саласының әлеуетін арттырып, ауданнан үлкен, заманауи үлгідегі кітапхана ғимаратын салу жоспарымызда бар», – деді аудан әкімі.


Жиын барысында «Оталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-нің директоры Эльмира Бейсеқұловаға арнайы құттықтау хат пен сый-сияпат табыс етіп, кітапхана ісі саласының мамандары мен шығармашылық қызметкерлерін Алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар оқырман қауымды айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілегін арнаған аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов бірқатар кітапханашылар мен осы салада қызмет еткен ардагерлерге арнайы Алғыс хат табыстады.


Мерейтойлық жиында ардагер ұстаз, ақын, сазгер, драматург Байділдә Айдарбеков мерекеге арналған өлең жолдарын арнады. Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары әсем ән орындап, мерекенің ажарын аша түсті. Шара соңында жиналған қонақтар мәдениет үйінің фойесінде «Рухани ордаға 80 жыл!» атты арнайы дайындалған көрмені тамашалады.