3500 тоннаға жуық қоқыс арнайы орындарға шығарылды.
Түркістан облысындағы Қызылкөл көлінің аумағында тазалық жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Созақта аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің бастамасымен Қызылкөл көлінің аумағында тазалық жұмыстары жүргізілді. Онда көлдің айналасы, емдік қара балшығы бар аумағы мен көлге апарар жолдың бойы тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыстардан тазартылды.
Тазалық жұмыстарының басында болған аудан басшысы ұйымдастырылған шараның маңыздылығына тоқталып өтті.
«Біз әркез қоршаған ортаны таза ұстауымыз керек. Бүгінгі ұйымдастырылған игі шара арқылы көлдің айналасына тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыстарды бей-берекет тастау және осындай заңсыз әрекеттермен қоғам болып күресуді жүзеге асырамыз. Тазалықты алдымен өзімізден бастасақ, өзге өңірлерден келетін қонақтарға да дұрыс көзқарас қалыптастыратын боламыз», – деді ол.
Айта кетейік, шараға аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен ауыл округтердің жастар ісі жөніндегі мамандары, Құмкент ауылдық округі әкімшілігінің қызметкерлері, қоғамдық негізде жұмыс істейтін азаматтар мен «Жасыл ел» еңбек жасағы және Value ерікті жастардан құрылған 70-ке тарта азамат жұмылдырылып, 3500 тоннаға жуық қоқыс арнайы орындарға шығарылды.