ТҮРКІСТАН: Созақта жаңа заманауи кітапхана ашылды

0
75

Кітап қоры – 500 мыңға жуық.


ТҮРКІСТАН: Созақта жаңа заманауи кітапхана ашылды

Созақ ауданының орталығы – Шолаққорған ауылында ашылып, жаңа кітапхана ғимараты ел игілігіне табысталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында мәдениет, руханият саласына қолдау көрсету, ауылдарда мәдениет үйлері мен кітапхана салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Солардың бірі Созақ ауданының орталығы – Шолаққорған ауылында ашылып, жаңа кітапхана ғимараты ел игілігіне табысталды.


Заманауи үлгіде бой көтерген кітапхананың ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев, ауданның ардагерлері, ақ жаулықты әжелер мен ауыл тұрғындары қатысты.


Салтанатты жиында аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы жиналған жұртшылықты жаңа рухани орталықтың ашылуымен құттықтап, лебізін білдірді.


– Бүгін – Созақ жұртшылығы үшін тарихи әрі тағылымы терең күн. Бұл – тек бір нысанның пайдалануға берілуі емес, бұл – руханиятқа, білімге, болашаққа бағытталған игі қадам. Созақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ауданымыздағы мәдени-ағарту саласының алтын діңгектерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде кітапханалардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып, оларды ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын маңызды мәдени-білім орталығы ретінде дамыту қажеттігін атап өтті. Осындай мәдени ошақтарымыз көбейіп, жас ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігі арта берсін. Бұл – ел игілігі үшін жасалған ортақ еңбек, – деді аудан әкімі.


Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов сөз сөйлеп, жаңа кітапхана ғимаратының ашылуы аудан тұрғындары үшін үлкен рухани олжа екенін атап өтті.


Салтанатты рәсім соңында тұрғындар жаңа нысанның ішін аралады. Көрсетілетін қызмет түрлерімен танысып, ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдірді.


Айта кетейік, ашылған жаңа кітапхана ғимаратының кітап қоры – 500 мыңға жуық. Заман талабына сай жабдықталып, оқырмандарға қолайлы жағдай жасалған. Мұнда жастардың еркін білім алуына, ізденуіне, шығармашылықпен айналысуына толық мүмкіндік бар. Кітапханада кітап оқумен қатар, түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар, кездесулер мен танымдық жобаларды өткізуге арналған кеңістіктер қарастырылған.


Құрылыс алаңының жалпы аумағы – 2 536 шаршы метр, ал ғимараттың өзі 496 шаршы метрді құрайды. Жоба аясында асфальтталған жолдармен, көгалдандыру, жасыл аймақтар мен жарықтандыру жүйелерімен толық қамтылған. Сондай-ақ кіреберіс алаң мен автотұрақ орындары қарастырылған. Ғимарат климаттық және сейсмикалық талаптарға сай салынған.


Кітапхананың төменгі қабатында кітап сақтауға арналған қоймалар орналасса, бірінші қабатта акт залы, оқу залы, құжаттарды өңдеу және жинақтау бөлімі, абонемент және қызметкерлер кабинеттері бар. Екінші қабатта оқу және мәжіліс залдары, абонемент, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі, ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету, кітапхананы дамыту бөлімі, сондай-ақ тілдерді оқыту және дамыту орталығы жұмыс істейді.

Бөлісу