68 бүлдіршінге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ұмытылмас әсерге бөледі.
Созақтықтар Арыс қаласындағы тәрбиеленушілерді қуанышқа кенелтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Арыс қаласында орналасқан «Т.Тәжібаев атындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылы» КММ-де тәрбиеленушілерді созақтықтар қуанышқа кенелтті. Жаңа жылға арналған мерекелік шараны «Волковгеология» АҚ-ның 75 жылдық мерекесі аясында ГРЭ-5 филиалы мен Созақ аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің ұжымы ұйымдастырды.
«Волковгеология» АҚ-ның ГРЭ-5 ұжымы балаларға арнап дастархан жайып, сый-сияпат табыс етті. Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйі өнерпаздары әсем ән орындап, қысқы ертегі кейіпкерлерін сомдады. Онда тәрбиеленуші 68 бүлдіршінге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ұмытылмас әсерге бөледі.
Салтанатты шарада Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова балаларды мерекемен құттықтап, игі шараға қолдау білдірген Созақ ауданының басшысы Мұхит Сексенбайұлына өз алғысын білдірді. Сонымен қатар «Волковгеология» АҚ №5 Геологиялық-барлау экспедиция филиялының директоры Құрманғали Әбиұлы ізгі тілегін арнады. Жас бүлдіршіндер би билеп, ән шырқап, өз өнерлерін паш етті.