ТҮРКІСТАН: Спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 700 мыңға жетті

0
615

Бұл облыс халқының 33,8 пайызын құрайды.


ТҮРКІСТАН: Спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 700 мыңға жетті

Түркістан облысында дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 700 мыңға жуықтаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 700 мыңға жуықтаған. Бұл облыс халқының 33,8 пайызын құрап отыр. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев айтып берді.


Басқарма басшысы соңғы айларда атқарылған жұмыстармен қатар, спортшылардың жетістігін де атап өтті. Мәселен, биыл облыс спортшылары тұңғыш рет Олимпиада ойындарына қатысты. Оның ішінде Сәкен Бибосынов (бокс), Дидар Хамза (дзю-до), Наталья Сергеева (байдарка және каноэ есу), Владислав Яковлев (академиялық есу) сынды спортшылар бар.


"Қазан айында облыс спорты тарихында елеулі оқиға орын алды. Нұр-Сұлтан қаласында ұлттық спорт түрлерінен өткен «Ақ бидай» республикалық ауыл спорты ойындарында облыс құрамасы жалпыкомандалық есепте топ жарды. Олимпиададан бөлек жазғы Паралимпиада ойындарына тұңғыш рет спортшымыз қатысты. Параканоэ спорты бойынша Бейбарыс Спатай бақ сынады. Қазіргі таңда Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай қазақ күресінен түркітілдес елдер арасында «Тұран барысы» халықаралық турниріне дайындық жүргізіліп жатыр", – деді басқарма басшысы Қанат Жолдықараев.


Сонымен қатар, өңірде кәсіби жаттықтырушылармен ақысыз негізде спортпен шұғылдануға мүмкіндік қарастырылған. Республика көлемінде қолға алынған «AulaFit» жобасы Кентау қаласындағы 4 спорт алаңшасында жүзеге асып отыр. Дәл осындай жұмыстар Түркістан қаласы мен Жетісай ауданында да жүргізіліп жатыр.


Айта кетейік, жыл басынан бері облыс көлемінде 82 секция ашылып, 3 823 бала спортпен шұғылданып жүр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 4 мыңнан асыру көзделген. Қазіргі таңда облыста 4 567 спорт нысаны тіркелген.