ТҮРКІСТАН: Су ресурстарын тиімді пайдалану жүйелі түрде іске асырылып келеді

0
70

Жоспар 2 есеге артығымен орындалды.


ТҮРКІСТАН: Су ресурстарын тиімді пайдалану жүйелі түрде іске асырылып келеді

Мемлекет басшысының су ресурстарын тиімді пайдалану және су үнемдеу технологияларын жедел енгізу жөніндегі тапсырмалары Түркістан облысында жүйелі түрде іске асырылып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Суармалы жерлердің өнімділігін арттыру, су шығынын азайту және ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту бағытында ауқымды әрі нақты нәтижелерге қол жеткізілді.


Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республикада айрықша стратегиялық маңызға ие. Елімізде өндірілетін жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 13 пайызы осы өңірге тиесілі, жыл сайын 1 трлн теңгеден астам өнім өндіріледі. Облыс – суармалы егіншілік дамыған негізгі аймақтардың бірі. Қазақстандағы суармалы жерлердің төрттен бір бөлігі (575 мың гектар) Түркістан облысының үлесінде. Сондықтан су ресурстарын тиімді пайдалану – өңір үшін тек салалық мәселе емес, ұлттық маңызы бар стратегиялық міндет.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездету қажет» деген тапсырмасы өңірлік деңгейде нақты іске айналды. Соның айқын дәлелі – жоспарланған көрсеткіштердің бірнеше есе орындалуы.


2025 жылға су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланған болса, нақтысында 59 мың гектар алқапқа орналастырылды. Оның ішінде 53,7 мың гектарға тамшылатып суару, 6,2 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары енгізілді. Осылайша, жоспар 2 есеге артығымен орындалды.


Бүгінгі таңда облыс көлемінде 114 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары қолданылып отыр. Нәтижесінде 195 млн текше метр су үнемделді. Ал жыл сайын қосымша 50 мың гектарға жаңа технология енгізу арқылы 2030 жылға қарай 364 мың гектар жерден 622,8 млн текше метр су үнемдеу көзделіп отыр. Бұл – су тапшылығы жағдайында стратегиялық маңызы бар көрсеткіш.


Су үнемдеу технологияларын қолжетімді ету және ішкі өндірісті дамыту мақсатында Түркістан облысында қуаттылығы 163 мың гектарды қамтитын 4 кәсіпорын іске қосылды. Сонымен қатар биыл 30 мың гектарға арналған тағы 2 кәсіпорын пайдалануға беріледі. Бұл тек облысты ғана емес, көршілес өңірлерді де заманауи технологиямен қамтуға жол ашады.


Ерекше назар аударатын бағыт – ылғал сүйгіш дақылдарды жаңа технологиямен өсіру. 2025 жылы мақта дақылын дәстүрлі әдіспен егу көлемі 92,3 мың гектарға қысқарып, ал жаңа технологиямен егу 52,2 мың гектарға артты. Нәтижесінде гектарынан 60 центнерге дейін өнім алу мүмкіндігі өндірісте дәлелденді, ал су шығыны 89,3 млн текше метрге қысқарды.


Биыл мақта дақылын жаңа технологиямен 79,6 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар елімізде алғаш рет күріш дақылы тамшылатып суару әдісімен пилоттық негізде егілді. Дәстүрлі тәсілмен гектарына 26 мың текше метр су жұмсалса, жаңа технология арқылы бұл көрсеткіш екі есеге азайып, 15 мың текше метрді құрады.


Трансшекаралық өзендерге тәуелді оңтүстік аймақтар үшін бұл бағыттың маңызы ерекше. Осыған байланысты жыл сайын 50 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар – тек аграрлық саланың дамуы емес, елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық қадамдар. Өңірде Мемлекет басшысының тапсырмалары нақты нәтиже беріп, су үнемдеу саясаты жүйелі әрі табысты іске асырылуда.

Бөлісу