Қызылкөлдегі судың молаюы – жақсы жаңалық.
Созақта тасқын су қызылкөлдің арнасын толтырып, тұрғындарды қуантты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Биыл Түркістан облысы, Созақ ауданында қар мөлшерінен көп жауды. Бүгінде ауа температурасының күрт жылуы мен өткен апта соңында жауған жауын салдарынан сай-саладағы ағын су деңгейі артуда. Атап айтар болсақ, Төлегенсай, Асшысай, Сауранбайсай, Жидебайсай мен Жыландысайда еріген қардың салдарынан ағын су деңгейі артып, Үшбас өзеніне құйылуда.
Қазіргі таңда арнасынан асқан Үшбас өзенінен мол су келіп, қызыл таулардың ортасында қалған Қызылкөлге құйылуда. Мұнан бөлек, «Бабата» су қоймасынан қашырқы каналдар арқылы аққан су да келіп қосылып жатыр. Көп жылдан бері арнасы бұлай толмаған Қызылкөлдің қайырлары қалпына келіп, толқыны жағалуға келіп соғуда. Қызылкөлдегі судың молаюы – жақсы жаңалық.
Құмкент ауыл округінің әкімі Ғани Пәрдебекұлының айтуынша, биылғы қыста сай-салаға молынан түскен қар суларының нәтижесінде көлге келіп жатқан су мөлшері жылдағыдан едәуір көбейген.
«Бұл Құмкент ауыл округінің тұрғындары мен аудан халқы үшін қуантарлық жағдай», – дейді ол.