ТҮРКІСТАН: Тест тапсыруға шыққан мұғалімдер жол апатына ұшырады

0
7 267

Зардап шеккендер бар.


ТҮРКІСТАН: Тест тапсыруға шыққан мұғалімдер жол апатына ұшырады

Жетісайдан Шымкентке тест тапсыруға жолға шыққан мұғалімдер мінген қоғамдық көлік апатқа ұшырап, салдарынан үш мұғалім жарақаттанды деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

21 қараша күні сағат кешкі 18:00-дер шамасында Жібек жолы-Жетісай» тас жолында жол-көлік оқиғасы орын алған. Полицейлердің айтуынша "Ауди 100" маркалы автокөлігінің иесі қарама-қарсы бағытқа шығып кетіп, "Хюндай Старекс" маркалы автокөлігіне соқтығысқан.

Жол көлік оқиғасы салдарынан Хюндай Старекстің жүргізушісі мен 3 жолаушысы орта дәрежелі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген. Жарақат алған үш жолаушы да Жетісай ауданындағы 8-ші мектептің мұғалімдері.

"Мұғалімдер бір күндік ақысыз еңбек демалысын алып Шымкентке тест тапсыруға жолға шыққан. Жол көлік оқиғасында жарақат алған үш мұғалім де Жетісай аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр. Аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков пен аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев ауруханаға арнайы барып жағдайларын біліп қайтты. Денсаулықтары түзелген соң тест тапсыратын күн қайта белгіленетін болады. Жол көлік оқиғасы кезінде көлік ішінде болған басқа мұғалімдер дін аман тест тапсырып қайтты,"- деп мәлімдеді Жетісай ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бейбіт Қазыбеков.

Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қазіргі таңда жол көлік оқиғасына байланысты Келес АПБ полицейлері тарапынан тергеп-тексеру амалдары жүргізіп жатыр.