380 дана тік дренажды ұңғымалардың 170 данасы ғана тұрақты жұмыс жасап тұр.
Жетісайда тік дренаждарды қалпына келтіруші мердігерлерге қатаң ескерту жасалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Негізгі табысын агросектордан алатын аудандағы өнім көлемі мен сапасын арттыру мақсатында тік дренаждарды іске қосу, елді мекендердегі жерасты суын төмендете отырып көгалдандыру, абаттандыру бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың барысымен танысу мақсатында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов арнайы жиын өткізді. Басқосуға аудан әкімінің салаға жауапты орынбасарлары мен ауылдық округ әкімдері, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуші мердігер мекеме өкілдері қатысты.
2023 жылдың қазан айында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі «ҚазСушар» РМК тапсырысымен «Ислам Даму банкі» қаржысы есебінен басталған 210 дана тік дренажды ұңғымаларды қайта қалпына келтіру жұмыстары 2026 жылдың сәуір айында толығымен аяқталып, ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде.
Жоспар бойынша «КиікбайСтройСервис» ЖШС арқылы Мақталы, Қызылқұм, Абай ауылдық округтеріндегі 97 дана тік дренаж қалпына келтіріліп, 16 мың гектар алқаптың мелиоративтік жағдайын жақсарту көзделген болса, «Арт-Құрылыс» ЖШС арқылы Ералиев, Ынтымақ, Ш.Ділдабеков ауылдық округтеріндегі 113 дана тік дренажды қалпына келтіру арқылы 20 мың гектар алқаптың мелиоративтік жағдайы қайта қалпына келтіру көзделген. Қазірде мердігерлер межеленген жұмыстардың басым бөлігін аяқтағанымен тұрғындардың елді мекендерге, шаруалардың егістік алқаптарға кіріп шығуында үлкен кедергілер туындап отыр. Бірқатар жерлерде қашыртқылардың беті ашық қалып, автожолдарға келтірілген зияндар қалпына келтірілмеген.
– Ауданда тік дренаждардың істен шығуының салдарынан жер асты суы өз деңгейінен жоғары көтеріліп, егістік алқаптарда өнімнің сапасы мен көлемі төмендеген. Жауын-шашында судың жерге сіңуі қиындап, тұрғындар үйіргелік жерлеріне бау-бақша егуден қалған. Сіздердің атқарып жатқан жұмыстарыңыз осы олқылықтарды жоюға бағытталған. Сондықтан, бәрі де талапқа, ережеге, заңға сәйкес бодуы керек. Анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде қалпына келтіріңіздер, – деді аудан әкімі.
Орын алған олқылықтар мен кемшіліктерді мердігерлерге жеке-жеке көрсеткен аудан әкімі қалпына келтіруді қатаң талап етіп, атқарылған жұмыстарға тиісті мамандармен зерделеу жүргізілетінін ескертті. Өйткені, жұмыс сапасына 1 жыл ғана кепілдік беретін компанияларға бірнеше жылдан соң нысандарда анықталған кемшіліктерді қалпына келтірту мүмкін болмай қалады.
Айта кетейік, бүгінде аудандағы жалпы саны 380 дана тік дренажды ұңғымалардың 170 данасы ғана тұрақты жұмыс жасап тұр.


