ТҮРКІСТАН: ТМҰ-ға мүше мемлекеттер ортақ ережеге қол қойды

0
220

Бұл бастама ұйымның мүше мемлекеттерінің сайлау жүйелерін жетілдіруге ықпал ететіне сенім білдірді.


ТҮРКІСТАН: ТМҰ-ға мүше мемлекеттер ортақ ережеге қол қойды

ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының консультативтік платформасы туралы ережеге қол қойылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ


Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасы (ОСО КП) туралы Ережеге қол қою рәсімі өтті.


Іс-шараға ТМҰ мүше мемлекеттер – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және ТМҰ бақылаушы мемлекет – Мажарстанның орталық сайлау органдарының, сондай-ақ 4 беделді халықаралық ұйым – ТМҰ, Сайлау органдарының дүниежүзілік қауымдастығы (A-WEB), Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА), Түркі академиясының басшылары, сондай-ақ ТМҰ елдерінің ғалымдары, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сараптамалық кеңестің мүшелері, облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты.


Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының консультативтік платформасын құру бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 3 қарашада Астанада өткен ТМҰ X мерейтойлық саммитінде ұсынған болатын. ТМҰ мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының консультативтік платформасын құру туралы шешім барлық түркі мемлекеттер басшылары тарапынан бірауыздан қолдау тауып,2024 жылғы 6 қарашада қабылданған ТМҰ XI саммитінің Бішкек декларациясында көрініс тапты.


Маңызды басқосуда ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың іс-шараға қатысушыларға арнаған құттықтау хатын оқыды. Президент өз хатында ТМҰ X саммитінде ұсынған консультативтік платформаны құру туралы бастаманы қолдаған бауырлас елдердің әріптестеріне алғыс білдіріп, бұл бастама ұйымның мүше мемлекеттерінің сайлау жүйелерін жетілдіруге ықпал ететіне сенім білдірді.


«Бүкіл Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын Түркістан қаласында консультативтік платформаның ережесіне қол қойылады. Мұның символдық мәні зор. Сондай-ақ мәселенің маңыздылығын ескере отырып, мен «Түркі әлемі: сайлау жүйелерінің дәстүрі, тәжірибесі және даму болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу туралы бастаманы қолдаймын. Бұл шаралар тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас елдердің қарым-қатынасын одан әрі тереңдете түсері сөзсіз», – деп Мемлекет басшысы өз хатында ден қойып, консультативтік платформаға нәтижелі жұмыс тіледі. Сонымен қатар, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов өз құттықтауларын жолдады.


Іс-шара барысында ҚР ОСК Төрағасы ашық деректерге сәйкес, ТМҰ мүше мемлекеттерде 96,5 миллионнан астам сайлаушы бар екенін, соңғы екі жылда осы елдерде түрлі деңгейдегі 15 сайлау өткенін атап өтті. Сонымен қатар, ол «біз бүгін бүкіл түркі халқының рухани астанасы – Түркістанда жиналып, ТМҰ елдерінің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасы туралы Ережеге қол қойып отырмыз. Мұндай диалог алаңын құру сайлау процестерінің сапасы, тиімділігі мен инклюзивтілігін арттыруға ықпал етеді», деді.


Алқалы жиында ТМҰ мүше-мемлекеттер орталық сайлау органдарының басшылары – Әзербайжаннан Мазахир Панахов, Қырғызстаннан Тынчтык Шайназаров, Түркиядан Ахмет Йенер, Өзбекстаннан Зайниддин Низамходжаев сөз сөйлеп, Мажарстанның Ұлттық сайлау бюросының басшысы Аттила Надьтың құттықтау хаты оқылды. Сонымен қатар, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Сайлау органдарының дүниежүзілік қауымдастығының (A-WEB) Бас хатшысы Ин-Шик Чжанг, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Бас хатшысы Мехмет Сурейя Эр, Түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев сөз сөйледі.


ТМҰ мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының басшылары қол қойған ОСО КП Ережесінде ТМҰ елдерінің орталық сайлау органдары арасында жүйелі ынтымақтастық орнату өзара түсіністікті нығайтуға және сайлау процестерінің тиімділігін арттыруға ықпал ететіні атап өтілген. Сонымен қатар, құжат ТМҰ мүше мемлекеттерді сайлау және референдумдар кезінде халықаралық байқау миссияларын ұйымдастыру арқылы көпжақты ынтымақтастық пен үйлестіруді дамытуға ынталандырады. ОСО КП мүшелері Ережеде мынадай шешімдер қабылдады:

сайлау рәсімдері бойынша диалог, ақпарат, үздік тәжірибелермен алмасу үшін платформа құрады;

сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты дамытады;

сайлау процестеріне инновациялық тәсілдер мен технологияларды енгізеді;

электоралды іс-шараларды ұйымдастыруда ТМҰ елдерінің ОСО қызметін үйлестіреді;

сайлау органдары арасында сарапшылармен және оқу-әдістемелік материалдармен алмасуға жәрдемдеседі;

сайлау байқауына қатысып, тәжірибе жинақтауға және сайлау жүйесін дамытуға ықпал етеді және т.б.


Іс-шара аясында ҚР ОСК Төрағасы Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Мажарстан елдерінің әріптестерімен, сондай-ақ ТМҰ, Сайлау органдарының дүниежүзілік қауымдастығы (A-WEB), Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА), басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Тараптар сайлау науқандарын ұйымдастыру тәжірибесімен алмасу және ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. ТМҰ орталық сайлау органдары арасында тұрақты кеңестер және ынтымақтастықты қамтамасыз етуге арналған ортақ платформа құру электоралды процестерді дамытуға ықпал ететінін тараптар тағы да атап өтті.


Айта кетейік, бүгін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп «Түркі әлемі: сайлау жүйелерінің дәстүрі, тәжірибесі және даму болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Бөлісу