Жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына құран бағыштады.
Төлеби ауданында Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толды. Тарихи маңызды күнге орай, Төлеби ауданының орталық Жеңіс саябағындағы Ауған соғысының ардагерлеріне арналған ескерткішке еске алып, ерліктеріне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына құран бағыштады.
Тағылымы мол іс-шара аудандық Мәдениет үйінде жалғасын тауып, ауған ардагерлеріне арналған мерекелік салтанатты жиын өтті. Аталған жиында кешегі сұрапыл соғыста отан үшін от кешіп, қаһармандық, ерліктің үлгісін көрсете білген ардагерлерді аудан әкімі Төлеген Телғараев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров құттықтап, ізгі тілектерін жеткізіп, мерекелік медаль табыс етті.
Жауынгерлерге құрмет мақсатындағы салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.
Айта кетейік, Ауған соғысына Төлеби ауданынан 113 жауынгер қатысқан. Қазіргі таңда 53 ардагер елді дамытуға үлесін қосып жүр.