ТҮРКІСТАН: Төлебиде ауқымды сүт фермасы салынады

0
395

Жобаның жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайды.


ТҮРКІСТАН: Төлебиде ауқымды сүт фермасы салынады

Төлебиде ірі сүт фермасының құрылысы басталады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Төлеби ауданы Зертас ауылдық округінде «AZIA MILK» маркасымен ірі сүт фермасы іске қосылмақ. 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын инвестициялық жобаның жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайды. Елді мекен шетіндегі 10 гектар аумаққа израильдік технология негізінде ферма ашуды көздеген кәсіпкер 1 200 бас ірі қараға арналған қора, жем-шөп жинайтын орын, сүтті жинап әрі сүт өнімдерін дайындайтын арнайы ғимарат салмақ.


Аудан экономикасына айтарлықтай әсерін тигізетін фермаға өңір әкімі Төлеген Телғараев арнайы барып, жобамен танысты. Кәсіпкер фермаға метеостанциясы бар желдеткіш және заманауи жарық жүйесі, сиырдың тойғаны мен жағдайын анықтайтын бейне-камералар орнатылатынын жеткізді. Аудан басшысы өндіріс орны - өңірдегі сүт шаруашылығын дамытып, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтитынын айтты. Сонымен қатар, жеке кәсіпкердің 240 бас ірі қара мал бордақылау алаңының жұмысымен танысқан аудан әкімі шаруаның жай-күйін сұрап, мемлекеттік бағдарламалар туралы баяндады.


Кейін аудан әкімі Киелітас ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Сәкен Сәрсеновтың балық шаруашылығымен танысты. Кәсіпкер өз қаражаты есебінен 0,5 гектар аумаққа 10 тоннадан астам сазан балығын өсіріп отыр. Сондай-ақ, 1,6 гектар жерге демалыс аймағының құрылысы жүргізілген.