Оған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, осынау шараның өңіріміздегі бұқаралық спорт пен туризмді дамытуға айрықша серпін беретініне сенім білдірді
Түркістан облысы Төлеби ауданында «Тау самалы – Жан самалы» шаңғы фестивалі өтті. Оған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, осынау шараның өңіріміздегі бұқаралық спорт пен туризмді дамытуға айрықша серпін беретініне сенім білдірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бүгін міне, Төлеби ауданындағы тау етегінде басталғалы тұрған «Тау самалы-Жан самалы» атты шаңғы фестивалін ұйымдастырудағы мақсаттарымыздың бірі — әрбір сүйем жері тарих шежіресіне айналған Түркістан өңірінің мәртебесін өсіріп, мерейін арттыру. Өңірдің тарихи-мәдени орындарын, аймағымыздың бренді саналатын туристік әлеуетін Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының басымдықтарымен ұштастыра отырып дамыту. Президентіміз биыл Түркістан облысын құру туралы тарихи Жарлыққа қол қойған соң Түркістан қаласында ауқымды құрылыс жұмыстары басталды. Бұның бәрі Елбасымыздың Түркістанға деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығының арқасы. Бүгінгі «Тау самалы – жан самалы» фестивалі өңірдің туристік әлеуетін одан сайын жоғарылатады деп сенемін. Ендеше туған жердің табиғатына тамсанып, қысқы спортпен шұғылданып, жақсылап тынығып қайтыңыздар. Қазақтың төбе биі атанған ұлы қайраткері — Төле бидің есімін иеленген аудан келешекте туризм саласы өте жақсы дамыған ірі орталыққа айналады деп сенемін!", - деді аймақ басшысы.
Мұнан соң, облыс əкімі осы жылдың тамыз айында Индонезияда өткен ХVІІІ жазғы Азия Ойындарында жеңімпаз және жүлдегер атанған 6 спортшыны, сонымен қатар, 2018 жылғы қарашада Ақтау қаласында бокстан ерлер арасында өткен ҚР чемпионатына қатысып, командалық І-орынды жеңіп алған 13 сайыпқыранды облыс әкімінің Алғыс хатымен және қаржылай сыйлықпен марапаттады.
Жалпы, Төлеби ауданында қысқы туризм қарқынды дамып келеді. Солардың бірі — «Тау Самалы» демалыс аймағының «Алатау» тау шаңғы базасы. Мұнда бір мезетте 3 мыңдай адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Ал, көктем және жаз айларында атпен серуендеу қарастырылған. Осы аудандағы Қасқасу ауылында «Қасқасу тау-шаңғы» курорттық базасының инфрақұрылымының құрылысы басталып кетті. Бұл әлемдік деңгейдегі демалыс орны болмақ.
Соңғы жылдары Төле би ауданында туризм саласы дамып келеді. Қазір ауданда 70 туристік нысан бар. Атап айтсақ, «Алма Тау», «Тау самалы», «Саутс-Ойл», «Изуми», «Бастау», «Айса» деп аталатын 6 қонақ үй, 2 емдік-сауықтыру орны, 2 балалар лагері жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге, 47 демалыс аймағы мен 15 коттедж саяхатшылардың сүйікті орнына айналған.
Ауданда 30-дан аса тарихи-археологиялық орындар бар. Әрқайсысы тарихтан, қилы замандардан сыр шертеді. Сақ заманының қорғандары, орта ғасырлық қалашықтардың орындары және халық арасында аты аңызға айналған тарихи маңызы бар «Жылақ ата», «Ғайып Ерен Қырық Шілтен», «Нұр ата», «Ақ мешіт» секілді көпшілік мінажат ететін әулиелі орындар жұртшылықты қызықтырмай қоймайды.
Биыл ауданға ауданға 28 мыңға жуық турист тарту жоспарланса, 11 айда 28 мыңнан аса саяхатшы келіп үлгерді. 2018 жылдың басынан бері жаңадан 3 туристік нысан іске қосылды. Мәселен, «AISA» және «SAIRAM SU resort» демалыс аймақтары мен «Ақкен» балаларды саумалмен емдеу орталықтары ашылған.