Құны 160 миллион теңгені құрайды.
Төлеби ауданында жаңа спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Қасқасу ауылдық округіне қарасты Кеңесарық ауылында жаңа спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілді.
Ғимараттық салтанатты ашылу рәсіміне генерал-жазушы Ержан Исақұлов, қоғам және мемлекет қайраткері Болат Жылқышиев, «AMANAT» партиясы Түркістан облысы филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов арнайы қатысып, жергілікті халықтың қуанышына ортақтасты.
– Бұл кешен – болашақ чемпиондардың жаттығып, шыңдалатын ордасы боларына сенеміз. Бүгінгі жасөспірім – ертең ел намысын қорғайтын спорт саңлағы, чемпион. Мемлекетіміздің көк байрағын көкте желбіретіп, Әнұранымызды әлем ареналарында шырқататын дарабоздар осы залда тәрбиеленеді деп сенеміз, – деді Болат Әбжапарұлы.
Құны 160 миллион теңгені құрайтын спорт нысаны толығымен жеке демеушінің қаржысы есебінен бой көтерді. Заманауи үлгіде жабдықталған нысан ауыл жастарына салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен тұрақты айналысуға үлкен мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары Төлеби ауданы спорт саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуде. Бүгінде ауданда тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны 51 588 адамға жетіп, аудан халқының 42,2 пайызын құрап отыр. Ауданда 225 спорттық нысан халыққа қызмет көрсетуде.