ТҮРКІСТАН: Төлебилік оқушы халықаралық байқауда жеңіске жетті

0
266

Гран-при иегері атанды.


ТҮРКІСТАН: Төлебилік оқушы халықаралық байқауда жеңіске жетті

Түркия мемлекетінің Ыстамбұл қаласында халықаралық «Ipek Yolu» балалар және жас таланттар өнер фестивалі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркия Республикасының «Maltepe Üniversitesi Konservatuvar», Халықаралық «Ipek Yolu» балалар фестивалінің Қазақстандағы өкілдігінің ұйымдастыруымен өткен өнер додасына қатысқан Төлеби ауданы Ленгір қаласындағы №5 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Мейірхан Рахым жоғары дәрежеде өнер көрсеткені үшін Гран-при иегері атанды.


Халықаралық байқауға әлемнің барлық мемлекеттерінен талантты жастар қатысып, бақ сынады. Сарапшылар кішкентай өнерпаздың сахнада өзін-өзі ұстауына, дауыс ырғағына, сезімталдығына баға берді. Ұстазы, музыка пәнінің мұғалімі Татьяна Матвееваның қолдауымен, әуезді дауысымен, өнерін шыңдай білген жас талант иесі бас жүлдені жеңіп алды.


Димаш Құдайбергеннің әндерін тыңдап өскен Мейірхан тума талант иесі. Осы кезге дейін аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, өнерімен өрге шықты. Республикалық балалар шығармашылық «Bala Fest» фестивалінде бас жүлде иеленсе, ал «Zhibek zholy Kazakhstan» байқауының Гран-при иегері атанды. Осы байқау нәтижесімен Түркияға арнайы жолдама ұтып алып, талантымен әлемдік деңгейдегі сарапшылардың таңдайын қақтырып, еліміздің абыройын асқақтата білді.