Түркістан төрінде Кентау қаласының мәдени күндері өтті

0
109

Әсем ән мен ұлттық өнер үндескен кеш көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.


Түркістан төрінде Кентау қаласының мәдени күндері өтті

Түркістан төрінде Кентау қаласының мәдени күндері жоғары деңгейде өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан қаласындағы «Керуен-Сарай» туристік кешенінде өткен «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Кентау қаласының мәдени күндері ұйымдастырылып, тұрғындар мен қала қонақтарына ерекше рухани әсер сыйлады.

Мәдени шара барысында «Ұлттық құндылық – ел қазынасы» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Ұлттық нақыштағы бұйымдар қойылып, шеберлердің қатысуымен арнайы шеберлік сағаттары өткізілді. Сонымен қатар Кентау өңірінің ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, келушілерге табиғи әрі сапалы өнімдер ұсынылды.

Ұлттық мұраны дәріптеу мақсатында қазақ халқының төл спорт түрлерінен сайыстар өткізіліп, ұлттық ойындардың тәрбиелік және мәдени маңызы кеңінен насихатталды. Кентау қаласынан шыққан белгілі тұлғалар мен өңірдің өткені мен бүгінін бейнелейтін тарихи-танымдық көрме де көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Мерекелік іс-шарада Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов сөз сөйлеп, қаланың тарихи қалыптасуы, өндірістік әлеуеті мен мәдени жетістіктері туралы баяндады.

Кештің шарықтау шегі «Кентауым – шабытымның шырағы» атты Гала-концертке ұласты. Концертте қала өнерпаздары өз өнерлерін паш етіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсем ән мен ұлттық өнер үндескен кеш көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сондай-ақ Қазақстан эстрадасында өзіндік орны бар, Кентау қаласының мақтанышы, жерлесіміз Ақбота Нұрдың өнер көрсетуі мәдени күндердің мерейін арттырып, көрермендердің зор қошеметіне ие болды.

Кентау қаласының мәдени күндері өңірдің рухани әлеуетін, өнері мен мәдениетін кеңінен насихаттап, Түркістан төрінде қала тарихы мен бүгінгі жетістіктерін айшықтаған тағылымды мерекеге айналды. Бұл шара өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде көпшіліктің жоғары бағасына ие болды.

Бөлісу