Ұларбек Дәлейұлы, Ырысбек Дәбей, Ерлан Жүніс бастаған елімізге белгілі қаламгерлер, жергілікті зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, оқырмандар қатысып жатыр.
Түркістан төрінде «ПарақTIMES» кітап жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Фараб» кітапханасында «ПарақTIMES» кітап жәрмеңкесі басталды. Онда Ұларбек Дәлейұлы, Ырысбек Дәбей, Ерлан Жүніс бастаған елімізге белгілі қаламгерлер, жергілікті зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, оқырмандар қатысып жатыр.
Ашылу салтанатында сөз алған Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев бұл жобаның маңызы зор екенін, соңғы кезлері жастардың кітап оқуға қызығушылардың артып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ осында өтіп жатқан челленджге қолдау танытып, «Фараб» кітапханасына бірнеше кітап сыйлады.
Шара барысында түрлі байқаулар өтіп жатыр. Жаңа кітаптар таныстырылуда. Оқырман қауым өлең оқып, өз өнерлерін көрсетуде. Қазіргі күнде еліміз бойынша 10-нан астам кітап дүкендері мен баспалары жәрмеңкеге қатысуға ниет білдірген. Олардың ішінде «Алқа», «Qasym» баспа үйі, «ХАНКОМИКС», астаналық «Шұғыла» баспа үйі, «Отбасы» хрестоматиясы, «Жебе» баспасы, «Қызмет» баспасы, «Кітаптар әлемі» кітап дүкені бар. Ұйымдастырушылар жобаның атауы неден шыққанына тоқталды.
«Кітап оқу – ең алдымен парақтаудан басталады. Қоғамның назарын осыған аудару. Кітап оқудан алшақтап қалған немесе оқуды енді бастамақ болып отырған адамға кітап оқы дегеннен гөрі, кітапты парақтап көріңіз деген ұсыныс жағымдырақ естіледі. Әр адам парақтау арқылы өзіне кітап әлемін ашады. Сондай-ақ, өмірдің әрбір күні жаңа парақ емес пе? Бүгінгі күніңізді кітап оқудан бастаңыз деген ұсыныстан шығады», – деді Бейсенкүл Нарымбетова.
Айта кетейік, жобаның мақсаты – жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, қала тұрғындары арасында кітап оқуды насихаттау, балалар арасында кітап оқуға деген құштарлықты қалыптастыру. Осы арқылы Түркістан қаласының интеллектуалды қала атанып, түркістандық мәдениеттің қалыптасуына үлес қосу. Баспагер, баспаханалармен қатар ақын-жазушыларды жәрмеңкеге қатыстыра отырып қазақстандық баспа саласының дамуына қолқабыс ету. Рухани астананың оң иммиджінің қалыптасуына ықпал ету.