ТҮРКІСТАН: Түлкібас ауданында медициналық нысан пайдалануға берілді

0
705

Тәжірибелі дәрігер, акушер, фельдшер және медбике ауыл тұрғындарына қызмет етеді.


ТҮРКІСТАН: Түлкібас ауданында медициналық нысан пайдалануға берілді

Ұлттық мерекеде Түлкібас ауданында медициналық нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Республика күніне орай Түлкібас ауданы, Шұқырбұлақ ауылында жаңа медициналық тірек ашылып, ел игілігіне берілді. Бұл жерде жалпы тәжірибелі дәрігер, акушер, фельдшер және медбике ауыл тұрғындарына қызмет етеді.


Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауылдардағы әлеуметтік мәселелерді шешу, әсіресе медициналық тірек ашу міндетін жүктеген еді. Қазақстан бойынша медициналық тірегі жоқ 650 ауылдың мәселесі шешілетіндігін айтқан болатын. Міне, Түлкібас ауданында Жолдауда айтылған мәселе өз шешімін тауып жатыр.


Мерекеге орай ұйымдастырылған шараға Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов, аудандық мәслихаттың хатшысы Хамит Байысбаев, аудандық аурухананың бас дәрігері Жанат Тогайбекова арнайы қатысып, жергілікті тұрғындарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.


Ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелер ризашылықтарын білдіріп, қуаныштарымен бөлісіп, ақ баталарын берді.


Елді мекен тұрғындарына қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында биыл аудан аумағындағы медициналық тіректі қажет ететін 15 елді мекеннің 4-еуіне заманауи жаңа нысан соғылып, бүгінгі таңда соның 2-і пайдалануға беріліп отыр. Қалған 2 нысан (Рысқұл, Ақбиік) жыл соңына дейін беріледі деп күтілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар бұнымен тоқтап қалмай, келесі жылы 5 елді мекенде медициналық нысан салу жоспарланып отыр.