Түркістан облысының таулы және тау бөктерлі аудандарында көктайғақ күтіледі.
Қалың қар түсуіне байланысты Түркістан облысы, Түлкібас ауданында жол уақытша жабылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
11.01.2024 жылы сағат 14:00-ден бастап Жамбыл облысындағы автокөлік жолының жабылуына байланысты Түлкібас ауданындағы Машат ауылынан Шақпақ баба ауылына дейінгі республикалық маңызы бар А-2 «Алматы – Ташкент – Термез» автокөлік жолының 593-654 шақырым бөлігінде жүк автокөлік құралдарының қозғалысына шектеу енгізілді.
Мамандардың айтуынша, 12 қаңтарда түнде Түркістан облысының таулы және тау бөктерлі аудандарында көктайғақ күтіледі. Облыстың оңтүстігінде, батысында, таулы және тау бөктерлі аудандарында тұман түседі. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, түнде облыстың тау асуларында 15-20 м/с дейін жетеді. Түркістан қаласында 12 қаңтарда тұман күтіліп отыр. Сондықтан алыс жолға сапар жасауды басқа күнге жоспарлаған абзал.