ТҮРКІСТАН: Түлкібаста тәулігіне 2,5 тонна сүт өңдейтін цех ашылды

0
665

44 млн. 250 мың теңгеге сүт өндеуге қажетті құрал-жабдықты сатып алған.


ТҮРКІСТАН: Түлкібаста тәулігіне 2,5 тонна сүт өңдейтін цех ашылды

Түлкібас ауданында сүт өнімдерін өңдейтін цех ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түлкібас ауданына қарасты Майтөбе елді мекенінде сүт өнімдерін өңдейтін цех ашылды. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жұмысын бастаған аталмыш цех тәулігіне 2,5 тоннаға дейін сүт өндей алады. Түлкібас ауданына іссапармен барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Майтөбе сүт» өндірістік кооперативіне барып, сүт өңдеу цехының ресми ашылуына қатысты.


«Ауыл шаруашылығында өнімді терең өңдеу саласына мән берген жөн. Өндіріс көлемін ұлғайтып, сапалы өнім шығару және оны экспортқа жөнелту – негізгі міндет. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі», – деді Дархан Сатыбалды.


Мемлекеттік қолдаудың арқасында өз кәсібін ашқан кәсіпкер Бақытжан Оспановтың айтуынша, бүгінгі таңда ғимаратты толық талапқа сай етіп жөндеуден өткізіп, 44 млн. 250 мың теңгеге сүт өндеуге қажетті құрал-жабдықты сатып алған. Кеткен шығынның 27,6 млн. теңгесі «Ауыл аманаты» жобасы арқылы қаржыландырылса, қалғаны кәсіпкердің өз есебінен бөлінген.


Бұл жерде май, қою сүт, құрт, сүзбе, айран және қаймақ өңделіп, «Майтөбе сүт» деген брендпен сауда қатарларына жол тартады. Алдағы уақытта нысанда 2 ауысыммен 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қосымша қолдау сұраған кәсіпкер бір жыл ішінде жұмсаған қаржының өтелетінін алға тартты.


Айта кетейік, қазіргі таңда ауданда «Ауыл аманаты» бағдарамасы аясында 242 өтінім мақұлданып, соның 1 млрд. 411 млн. 502 мың теңгені құрайтын 220 жоба қаржыландырылды.


Одан соң өңір басшысы Дархан Сатыбалды Майтөбе ауылындағы аурухананың қазіргі жағдайымен танысты. Бүгінде ғимараттың тозығы жеткен. Ауруханаға қарасты терапиялық бейіндегі 13 төсекке арналған Мичурин стационарлық бөлімшесінің ғимараты осыдан 58 жыл бұрын салынған. 13 төсек- орны терапия бөліміне, 50 төсек-орын неврологиялық оңалту бөліміне арналған. Аудан орталығына арақашықтығы – 26 шақырым. Аурухана екі қабатты ғимаратта орналасқан.


Аурухана ғимараты жөндеуді қажет етеді. Өңір басшысы тиісті сала басшыларына денсаулық сақтау нысанының мәселесін назарға алып, жұмыс жүргізуді тапсырды.