Тоғыз жылдан бері дәстүрге айналған игі бастама биыл да жалғасын тауып, көптің алғысына бөленді.
Түлкібастың 2006 жылғы мектеп түлектері бір отбасыға баспана кілтін табыс етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов ауылы мектептерінің 2006 жылғы түлектері қайырымдылық пен жанашырлықтың жарқын үлгісін тағы бір мәрте көрсетті. Тоғыз жылдан бері дәстүрге айналған игі бастама биыл да жалғасын тауып, көптің алғысына бөленді. Жүректен шыққан жақсылық жолын серік еткен түлектер баспанаға мұқтаж аудан тұрғыны, үш перзенттің анасы Салтанат Тұрсынбайға аудан орталығынан тоғызыншы баспананың кілтін табыстады.
Салтанат Тұрсынбай – екі жыл бұрын денсаулығына байланысты ауыр сынақты бастан өткеріп, бүгінде жұмыссыз отырған жалғызбасты ана. Үшінші перзентінің мүгедектігі бар. Тағдыр тауқыметі қабат келген осындай қиын кезеңде мектеп түлектерінің қамқорлық танытып, қолдау көрсетуі – адамгершілік пен жанашырлықтың жарқын көрінісіне айналды.
Баспана кілтін табыстау салтанатты рәсіміне аудан әкімі Асқар Естібаев арнайы қатысып, 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектердің ұйымшылдығы мен азаматтық ұстанымына жоғары баға берді. Аудан әкімдігі атынан жаңа қоныс иелеріне арнайы сый-сияпаттарын табыстап, ақжарма тілегін жеткізді. Сонымен қатар игі іске атсалысқан азаматтарды арнайы Алғыс хатпен марапаттады.
Іс-шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбек, аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев және түлектердің ұстаздары сөз сөйлеп, шәкірттерінің елге жанашыр азамат болып қалыптасқанына ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, Салтанат Тұрсынбай сырқаттан бұрын мектепте қызмет атқарған. Ол өзіне қолдау көрсеткен 2006 жылғы мектеп түлектеріне, сондай-ақ қиын сәтте жанынан табылып, көмек білдірген аудандық орталық аурухана ұжымына шынайы алғысын жеткізді.


