Кеш иесі өлеңдердің тарихын баяндап, туындыларын оқып берді.
Бәйдібек ауданында ақын Мұқағали Кенжетайұлының шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Түнгі кітапхана» жобасы аясында Бәйдібек ауданында ақын Мұқағали Кенжетайұлының шығармашылық кеші өтті. «Жүрегімде миллиондардың тағдыры» атты поэзия кешіне облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер мен жақындары қатысты.
Кешті Түркістан облыстық мәдениет басқарма басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен Бәйдібек ауданының әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев ашып берді. Зиялы қауым өкілдері мен ата-анасы құттықтау сөз сөйлеп, батасын берді. Мазмұнды жиынды Айдар Сейдазым тізгіндеп, модератор болды.
Жастар аллеясында арнайы дайындалған көрме инстолляция көпшілік назарына ұсынылды. Кеш иесі өлеңдердің тарихын баяндап, туындыларын оқып берді. Бәйдібек аудандық мәдениет үйі әртістерінің орындауында Мұқағали Кенжетайұлының өлеңдерінен композиция сахналанды. «Конгресс холл» кешенінің әншілері Сүндет Асан мен Нұрдәулет Әшімхан «Түбінде жеңесің» әнін орындады. Ақынның сөзіне жазылған бірнеше ән шырқалды. Сонымен қатар әнші, композитор Ғабит Шырынбековтің «Қызыма» деген әнінің тұсауы кесілді.
Айта кетейік, облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Түнгі кітапхана» жобасы киелі Түркістан қаласында былтырдан бері өткізіліп келеді. Бұдан бөлек өңіріміздің аудан, қалаларында Түркістан таңдаулы туындысына таңдалған қаламгерлердің кешімен жалғасын тауып келеді.