ТҮРКІСТАН: «Тұран тұғыры» сыйлығының иегерлері марапатталды

0
541

Жеңіске жеткен түркістандық саңлақтарға құрмет көрсетілді.


ТҮРКІСТАН: «Тұран тұғыры» сыйлығының иегерлері марапатталды

Түркістан облысында алғаш рет «Тұран тұғыры» номинациясының иегерлері анықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы бойынша ұлттық спорт түрлерінен биыл алғаш рет «Тұран тұғыры» номинациясының иегерлері анықталды. Арнайы салтанатты жиын ұйымдастырылып, жыл бойы үздік нәтиже көрсетіп, жеңіске жеткен түркістандық саңлақтарға құрмет көрсетілді.


«Тұран тұғыры» сыйлығына Түркістан облысының ұлттық спорт түрлері мектебінің 13 үздік спортшысы лайықты деп танылды. 10 спорт түрі бойынша үздіктер анықталып, «Тұран тұғыры» статуэткасы табысталды. Сонымен бірге көкпар спорты бойынша 10 үздікке құрмет көрсетілді. Атап айтсақ, «Үздік сәйгүлік», «Үздік шабандоз», «Үздік атбегі», «Үздік төреші», «Үздік комментатор», «Үздік аудан», «Үздік көкпар федерациясы» және өзге де үздік атанған өрендерге арнайы сыйлықтар бұйырды.


Сондай-ақ, 200-ге жуық ұлттық спорт түрлерінің жанашырлары арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Облысымызда көп жылдардан бері ұлттық спорт түрлерін дамытып келе жатқан білікті басшы Ғани Ахметбаев 2021 жыл ұлттық спортымыз үшін ерекше табысты болғанын жеткізді.


Үздіктерді марапаттауға арнайы келген көкпардан КСРО-ның тоғыз дүркін жеңімпазы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ардагер шабандоз Әбілхан Дауылбаев соңғы кездері ұлттық спортымыздың әлемдік деңгейде дамып жатқанын жақсылыққа балады. Ал еліміздің Көкпар федерациясының президенті Мұхтар Имашев жыл сайын ұлтымыздың ұлылығын көрсететін спорт түрлері жаңарып жатқандығын айтты.


Атап өтсек, аударыспақтан «Жылдың үздік спортшысы» аталымын Сырым Ізбасаров иемденсе, конкур спортынан түркістандық Шыңғыс Маликаждар үздік деп танылды. Жамбы атудан Айтбек Сарыбай үздік болса, Ербұлан Бекбосынов үздік бапкер атанды. Теңге ілуден талантты балуан Рахат Қамбаров «Жылдың үздігі» атанса, оның бапкері Нұржан Әбілқасымов «Үздік жаттықтырушы» аталымы бойынша марапатталды. Талай додаларда жеңіске жеткен дарынды саңлақ Еркінбек Бөлен «Үздік балуан» атанып, жерлестерін қуантты. Ірі халықаралық додаларда алтын медаль алған аударыспақ шебері түркістандық Ермек Құралбай өңір спортшыларының жеңісі үшін бапкерлердің еңбегі зор екенін жеткізді.


Естеріңізге сала кетейік, Ақтауда өткен «Ақ бидай» ауыл ойындарында да Түркістан облысының сайыпқырандары ұлттық спорт түрлерінен жалпы есепте топ жарып, жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінген болатын. 2021 жылды жетістіктерімен түйіндеген Түркістан облысының спортшылары бұл дәстүрді жалғастыра бермек.