ТҮРКІСТАН: Тұрғындарды арендалық үйлермен қамту жұмысы жалғасып жатыр

0
178

Бөлінген қаржыға облыс бойынша 191 мың шаршы метрден асатын 247 көпқабатты тұрғын үй сатып алу көзделген.


ТҮРКІСТАН: Тұрғындарды арендалық үйлермен қамту жұмысы жалғасып жатыр

Түркістан облысында тұрғындарды арендалық үйлермен қамту жұмысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында тұрғындарды арендалық үймен қамту жұмысы жалғасуда. 2024 жылдың жоспары бойынша облыс көлемінде 2590 пәтерлі арендалық тұрғын үйлерді сатып алуға 47,5 млрд. теңге бөлінген. Бөлінген қаржыға облыс бойынша 191 мың шаршы метрден асатын 247 көпқабатты тұрғын үй сатып алу көзделген. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте тұрғын үйлердің құрылыс барысы пысықталып, мәселелер талқыланды. Өңір басшысы жұмысты дұрыс үйлестіре алмаған аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына және мердігерлерге сын-ескертпе айтып, жұмысты ширатуды тапсырды.


– Үйлердің құрылысы сапалы әрі уақтылы аяқталуы тиіс. Мен жұмыстарды қысқа дейін бітіруді тапсырғанмын. Бюджет қаржысын тиімді игеріп, үйлерді жыл соңына дейін толық тапсырыңыздар. Бұл үйлерді ел күтіп отыр. Талай тұрғын үй кезегінде тұр. Сондықтан жұмысты жауапкершілікпен атқарыңыздар. Үйлердің қасбетін бір үлгіде жасау мәселесі назардан түспеуі тиіс. Абаттандыру жұмыстарын да сапалы орындау қажет, – деді Дархан Сатыбалды.


Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрхановтың айтуынша, бүгінгі таңда 935 пәтер сатып алынған (Жетісай – 2, Қазығұрт – 16, Мақтаарал – 43, Ордабасы – 12, Созақ – 24, Шардара – 24, Кентау – 30, Түркістан – 768, Сауран – 16). Жоспарға сәйкес қараша айында 616 пәтер, ал желтоқсан айында 1039 пәтер сатып алынады деп күтіліп отыр. Бұл нысандардың құрылысы қатаң бақылауға алынған.


Құрылыс жұмыстары 12 ауданда (882 пәтер) қарқынды жүргізілуде. Негізгі жұмыстары аяқталып, әрлеу жұмыстары 80% атқарылған. Ал 3 ауданда 4 үйдің (88 пәтер) құрылыс қарқыны төмен. Атап айтқанда, Бәйдібек, Сайрам және Сауран аудандарындағы ғимараттар кестеден кешігіп жатыр. Аталған аудандардың әкімдеріне тиісті сын-ескертпе айтылып, жұмысты ширату тапсырылды. Жұмысшылар саның көбейтіп, құрылысты екі ауысымда ұйымдастыру міндеттелді.


Түркістан қаласында 20 үй, жалпы 1716 пәтердің құрылыс жұмыстары атқарылуда. Оның ішінде 16 үйді (1376 пәтер) жыл соңына дейін сатып алу жоспарланған. Шаһардағы 4 үй (340 пәтер) 2025 жылға өтпелі. Мәжілісте жауапты мердігер мекеме басшыларының да есептері тыңдалып, оларға жұмысты ширату жөнінде тапсырма берілді.

Бөлісу