ERNUR.KZ. Ордабасы ауданында Ұлыстың Ұлы күні кең көлемде тойланды. Салтанатты шара «Наурыз – жыл басы» сахналық композициясымен басталып, кернейшілер, дабылшылар, атты жаршылар керуенімен жалғасты. Қыдыр ата бата беріп, адыраспанмен аластау, жеті шелпек тарату, шашу шашу, тұсау кесер, көрісу дәстүрлері жаңғырды. Наурыздың келуін дәріптейтін құмырадан ақ құю рәсімі жасалды. Атты және жаяу сарбаздар, гүлдер мен көбелектер шеруі ұйымдастырылды.
Аудан басшысы Оралбаев Азат жұртшылықты мерекемен құттықтап, аудандағы жетістіктермен бөлісті.
“ Ұлыстық ұлы күнін халқымыз бірлік пен татулықтың, молшылықтың бастауына балап, «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деп те атайды. Самарқанның көк тасы еріп, күніміз әлемге шапағатын төккен, қыстың сызын бойдан қуып, ерекше әсерге бөлейтін күн. Ақтың молаятын, Күн мен түннің теңелетін, тіршіліктің жаңаратын кезеңі — Наурыз мерекесі құтты болсын! Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын мереке елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! “ — деді аудан әкімі.
Мерекелік іс – шарада 20 дан астам киіз үй тігілді. Әр киіз үйдің ішінде салт-дәстүрлер көрініс тауып, ұлттық тағамдардан мол дастархан жайылды. Алаңдарда спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, жергілікті кәсіпкерлер өндіретін тауарлар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет үйі өнерпаздары мен «Ордабасы» фольклорлық халық ансамблінің концерттік бағдарлама ұйымдастырып, мерекелік жиынға қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.