ТҮРКІСТАН: «Woosong» оқу ордасының мүмкіндіктері салаларды цифрландыруға қолданылады

0
39

Озық тәжірибелерді талқылап, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту және кадр даярлау мәселелері бойынша пікір алмасты.


ТҮРКІСТАН: «Woosong» оқу ордасының мүмкіндіктері салаларды цифрландыруға қолданылады

«Woosong University Kazakhstan» оқу ордасының мүмкіндіктері салаларды цифрландыруға қолданылмақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту бағытында тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты кеңейту, облыстағы мекемелерге білікті мамандар даярлау мақсатында «Вусонг» университетімен бірлесе жұмыс жасауды тапсырған болатын.


Осыған орай, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек «Woosong University Kazakhstan» университетінің бас директоры Джонг Ёнг Хвамен кездесті. Бұл жиналысқа басқарма басшылары да қатысты. Кездесу барысында тараптар цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту бағытында облысқа қажетті білікті мамандар даярлау және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін қарастырды. Озық тәжірибелерді талқылап, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту және кадр даярлау мәселелері бойынша пікір алмасты.


Облыс әкімінің орынбасары ЖОО өкілдерін салаларды дамыту, заман талабына сай білікті мамандар даярлау бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.


– Жоғары білімі бар кадрларды даярлау сапасын арттыру, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, жұмыс берушілердің талабына жауап бере алатын, заманауи құрал-жабдықтарды меңгерген, кәсіби шеберлігі шыңдалған мамандар даярлау – өзекті мәселелердің бірі. ІТ технологиясы саласында кәсіби маман ретінде сіздермен кеңесуді жөн көрдік. Өңір қажеттілігіне қарай маман даярлауға басымдық беруіміз керек. Осы бағыттағы жаңа жобаларға ашықпыз, – деді Қанат Қайыпбек.


Жиынға салалық басқарма басшылары қатысып, жасанды интеллектіні дамыту шеңберінде мекемелерге қажетті кадрлар туралы ұсыныстарын жеткізді.


Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов жергілікті бюджет есебінен «Woosong University Kazakhstan» университетіне бөлінген грант туралы ақпарат беріп, ЖИ-ді әртүрлі салаларға тиімді қолдану қажет екеніне тоқталды. Оның айтуынша, жасанды интеллектінің дамуы, жаңа технологиялар мен инновациялардың енгізілуі көптеген салаларда мамандарға деген сұранысты арттырады. Түркістан облысының экономикалық және әлеуметтік дамуына ықпал ету үшін ЖИ-ді әртүрлі салаларға тиімді қолдану қажет. Түркістан облысындағы жоғары оқу орындарына грант бөлу арқылы облыстың білім беру деңгейін көтеру, қажетті мамандықтарды даярлау және облыстың даму потенциалын арттыру үшін зор мүмкіндіктер туындайды.


«Woosong University Kazakhstan» университетінің бас директоры оқу ордасының білім беру бағыттарына тоқталып, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.


– Біз ұсыныстарыңызды қабылдауға дайынбыз. Қазірдің өзінде Түркістанның туристік әлеуетін, өңірдің ауыл шаруашылығы мүмкіндіктерін зерделеп жатырмыз. Әр секторды жіті қарап, жоба ұсынуға уақыт беріңіздер. Кореялық әріптестерді де бұл ұсыныс қызықтырады деп ойлаймын. Бізде үздік университеттердің қатысуымен әзірленген стартап-жобалар бар. Өңірді дамытуға үлес қосатынымызға сенімдімін, – деді Джонг Ёнг Хва.


Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемнің үздік жоғары оқу орындарының филиалдарын Қазақстанда ашу жөнінде тапсырмасы негізінде Түркістан қаласында «Вусонг Университеті Қазақстан» университеті ашылды. ІТ университеті 2 мамандық бойынша білім беруде және 2 мыңға жуық студентке дейін қабылдай алады. Бүгінде оқу ордасында 107 студент «Жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау» және «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша білім алуда. Жоғарыда аталған бағдарламалар аясында қос диплом және академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері қарастырылған. Былтыр Түркістан облысы әкімдігі облыс бюджеті есебінен 100 балаға грант бөлді және 7 студент ақылы білім алуда. Қазіргі таңда грант иегерлерінің 61-і «Жасанды интеллект» бағытында, ал 39-ы «Деректер ғылымы» бағытында білім алуда.

Бөлісу