Түркістан заманауи үлгідегі шаһар – БҰҰ өкілдері

0
715

Өңір басшысы қонақтарды Түркістанның тарихымен таныстырды.


Түркістан заманауи үлгідегі шаһар – БҰҰ өкілдері

Түркістан облысының әкімі БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестіруші Микаэла Фриберг-Стори мен Канаданың Қазақстан Республикасындағы елшісі Алан Хамсонды және БҰҰ-ның өкілдерімен кездесті. Жүздесуде өңір басшысы қонақтарды Түркістанның тарихымен таныстырып, алдағы даму жоспары туралы баяндады.


«Түркістан – сан ғасырлық тарихы бар шаһар. Бүгінде қала қайта жаңғыру, өрлеу кезеңін бастан өткеріп жатыр. Төрт жылға жуық уақыт бұрын Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы оның орталығы болып бекітілді. Міне, осы қысқа уақытта қала көркейіп, дамыды. Өздеріңіз көріп тұрғандай, айналамыз – қарқынды құрылыс. Біз құрылысты уақытында аяқтай аламыз, басты мәселе – сол нысандарға мән-мағына беру, қаланың тарихи рөлін сақтау. Қазіргі таңда Түркістанға жан-жақтан жастар ағылып келіп жатыр. Жаңа дәуірі басталды десек болады. Шаһарымызға арнайы келіп, өзекті мәселелерді шешу жолында әріптестік танытқандарыңыз үшін алғысымды айтамын. Өңірде әйелдердің құқығын қорғау бағытында маңызды жобалар жүзеге асып жатыр. Жалпы, қазақ – анасын құрметтеген, қыз баласын қадірлеген халық. Облыста көпбалалы аналарымыз көп. Қыз-келіншектер кәсіпкерлік саласынан бастап жергілікті атқарушы органдарда басшылық қызмет атқарып жүр. Оларға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді», – деген Өмірзақ Шөкеев халықаралық деңгейде дамып келе жатқан Түркістанның есігі қонақтар мен саяхатшыларға әрдайым ашық екенін айтты.


Канаданың Қазақстан Республикасындағы елшісі Алан Хамсон екі ел арасындағы әріптестік жоғары деңгейде екеніне тоқталса, БҰҰ өкілдері Түркістан қаласының сәулетін жоғары бағалады. Заманауи стильдегі қала ретінде болашағы жарқын боларына сенім білдірді. БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестіруші Микаэла Фриберг-Стори облыста ана мен бала құқығын қорғау жөнінде нақты жұмыстар атқарылып жатқанын, бұл ретте жергілікті әкімдіктің айрықша үлес қосқанын атап өтті. Гендерлік саясатты жүргізуде Түркістан өңірінде үлгі аларлық істер бар екенін жеткізді. Түркістанда «Кәдімгі заттар» көрмесі жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына, бірқатар кездесу өткізгеніне тоқталды. Екі тарап алдағы уақытта да әріптестікті нығайтып, жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаласты.