ТҮРКІСТАН: Жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау, құқығын қорғау мәселелері талқыланды

0
231

Өткен жылы атқарылған жұмыстар, биылғы 3 айдағы көрсеткіштер сараланып, алдағы жоспарлар бекітілді.


ТҮРКІСТАН: Жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау, құқығын қорғау мәселелері талқыланды

Түркістан облыстық Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін сақтау, құқығын қорғау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының кезекті мәжілісі өтті. Жиынға құқық қорғау органдары мен жауапты басқармалардың басшылық құрамы және аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Өткен жылы атқарылған жұмыстар, биылғы 3 айдағы көрсеткіштер сараланып, алдағы жоспарлар бекітілді. Мәжілісті Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жүргізіп, жауаптыларға жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.


– Балалардың құқығын қорғау, қауіпсіздігін сақтау – аса маңызды міндет. Білім ұяларының маңындағы қауіпсіздікті күшейту бойынша жұмыстар атқарылды. Бірақ әлі де кемшілікке жол беріп отырған аудандар бар. Реттеңіздер. Екіншіден, жасөспірімдер арасындағы суицид пен ерте жүктіліктің алдын алу бағытында жұмысты жандандыру керек. Мектептердегі психологтардың жұмысын жүйелеу, балаларға психологиялық көмек көрсетуде жаңа тәсілдерді қолданған жөн. Бұл ретте білім, спорт, жұмыспен қамтуға қатысты мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдар бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Аудан, қалалардағы әдістемелік кабинет меңгерушілерінің жұмысын зерделеп, өз міндетін дұрыс атқармайтындарын қызметінен босату қажет. «Артспорт» бағдарламасы арқылы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын спорт, өнер үйірмелеріне қатыстыруға күш салыңыздар. Жауапты басшылар, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары жанашырлықпен жұмыс істеуі керек. Алда демалыс уақыты, ҰБТ тапсыратын сәт жақындап келеді. Жасөспірімдермен тиісті жұмыс жүргізіп, қауіпсіздігін қадағалау шарт. Комиссия мәжілісіне нақты ұсыныстар енгізіп, берілген тапсырмалар бойынша жүйелі жұмыс атқарыңыздар, – деді Бейсенбай Тәжібаев.


Күн тәртібінде балалардың қауіпсіздігін сақтау, ерте жүктілік пен суицидтің алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықты, буллингті жою, лудомания мен зиянды әдеттердің алдын алу мәселелері талқыланды. Полиция департаменті, прокуратура мен білім, денсаулық сақтау саласына қатысты басқарма өкілдерінің есептері тыңдалды. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық деректері көп тіркелген аудан әкімдері орынбасарларының есептері тыңдалып, нақты міндеттер жүктелді.


Айта кетейік, Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар, алкоголь, темекінің, есірткінің зияны, лудомания, буллинг, ата-ананың бала тәрбиесіндегі, жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершіліктері туралы дөңгелек үстелдер, сұхбаттар, кездесулер тұрақты өтуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде биылғы 3 айда жасөспірімдермен жасалған қылмыстар 27,8 пайызға төмендеген.

Бөлісу