ТҮРКІСТАН: Жергілікті кәсіпкерлердің өтініштері мен ұсыныстары тыңдалды

0
39

Көтерілген барлық мәселе хаттамаға енгізіліп, жауапты органдарға жолданады.


ТҮРКІСТАН: Жергілікті кәсіпкерлердің өтініштері мен ұсыныстары тыңдалды

Түлкібастық және сайрамдық кәсіпкерлердің өтініштері мен ұсыныстары тыңдалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы «Атамекен» ҰКП ғимаратында Түркістан облыстық мәслихатының және облыстық кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішов Түлкібас және Сайрам аудандарының жергілікті кәсіпкерлеріне жеке қабылдау өткізіп, мәселелерін тыңдады. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, аудан әкімдігінің өкілдері, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің басшылары, Өңірлік кеңес мүшелері және кәсіпкерлер қатысты.


Қабылдауда түлкібастық кәсіпкерлер субсидиялау, газ және электр энергиясының тарифтері, инфрақұрылым, сондай-ақ несие алудағы қиындықтар жөнінде айтып, қолдау сұрады. Мәселен, «Виола» шаруа қожалығының иесі көл жағасында демалыс орнын ашуды жоспарлап отырғанын жеткізіп, қажетті инфрақұрылыммен қамту бойынша өтінішін білдірді. «Rafe com» шаруа қожалығының иесі мал бордақылау алаңын салу үшін жердің нысаналы мақсатын ауыстыру қажет екенін айтты. «KazAgroVision» ЖШС өндіріс көлемін ұлғайту үшін жеңілдетілген несие алуға қолдау сұрады.


Қабылдауға келген азаматтардың өтініш-талаптарын тыңдаған Өңірлік кеңес төрағасы мәселелер назардан тыс қалмайтынын жеткізіп, жауапты органдармен бірлесе шешілетінін айтты.


– Жергілікті кәсіпкерлердің жұмыс істеуге деген ынтасы жоғары. Бірақ, жүйелі және әкімшілік кедергілер олардың кәсібінің дамуына тосқауыл болып отыр. Көтерілген әрбір мәселе хаттамаға енгізіліп, нақты шешім қабылдануы тиіс. Бұл бағытта тиісті шаралар қолға алынады, – деді Нұралы Әбішов.


Сайрам ауданынан келген кәсіпорын өкілдері бизнес жүргізу кезінде туындайтын қиындықтарды ортаға салып, субсидия алу, қажетті инфрақұрылыммен қамту, маман тапшылығы мәселелерін қозғады. Мәселен, «Kuzov Karabulak» ЖШС кәсіпорын кеңеюіне байланысты 500 дәнекерлеуші мен токарь мамандары қажет екенін айтып, жергілікті колледждермен бірлесе түлектерді жұмысқа тартуды ұсынды. «Читилова» жеке кәсіпкерлігінің иесі 2025 жылға сүзбе және ірімшік өнімдерін субсидиялауға қаржы бөлу мәселесін қозғады. «Қожақорған» ЖШС 100 гектар аумаққа су үнемдеу технологияларын енгізу үшін 191 кВт трансформатор орнатуға рұқсат алуға көмек сұрады.


Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев кәсіпкерлер көтерген әрбір мәселе маңызды екенін атап өтіп, нақты нәтижеге қол жеткізуге күш салатынын жеткізді. Палата тарапынан әрбір көтерілген мәселе бойынша сүйемелдеу жұмыстары жүргізілетініне тоқталып, басты мақсат – өңірлік бизнеске қолайлы жағдай жасау екенін айтты.


Сонымен қатар кездесу барысында Өңірлік кеңес туралы Үлгілік ережеге және кәсіпкерлер палаталарының өңірлік кеңестерін қалыптастыру мен делегаттарды сайлау қағидаларына енгізілетін өзгерістер талқыланды.


Көтерілген барлық мәселе хаттамаға енгізіліп, жауапты органдарға жолданады. Кәсіпкерлер палатасы тарапынан әрбір жоба мен ұсыныс бақылауға алынып, шешімін табу бағытында тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Бөлісу