Конкурстық құны 1 378 969 393 теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары өткен жылдың шілдесінде басталған.
ҚР Сенатының депутаттары Жетісай ауданына келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
ҚР Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек пен Алишер Сатвалдиев Жетісай ауданына жасаған іссапарларын «Жетісай» аудандық орталық ауруханасының жөндеу жұмыстарымен танысудан бастады.
Конкурстық құны 1 378 969 393 теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары өткен жылдың шілдесінде басталған. Биыл қаңтардың соңында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Құрылыс материалдары мен жұмыстың сапасын қатаң бақылауда ұстап отырғандықтарын айтқан аудандық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Жолдасбеков нысан аяқталған соң қандай қызметтер көрсетілетініне, қосымша медициналық аппараттардың алынатынына тоқталды.
Сондай-ақ сенаторлар дәрігерлермен кездесіп, еркін форматта пікір алмасты. Медицина саласына мемлекет тарапынан жасалап жатқан жағдайларды айтып, ойларын тыңдады. Дәрігерлер негізінен маман тапшылығы мен заманауи құрал-жабдықтардың жетіспеушілігін, ауылды жерлерде медицина мамандарына төленетін үстемақы мен жалақыны есептеудегі тарифтердің қайта қаралуын, МӘМС мәселесін әлі де болса жетілдіре түсу керектігін жеткізді.
Аурухана қызметкерлерімен өткен жүздесуден кейін сенат депутаттары аудан әкімдігінің мәжіліс залында жергілікті жұртшылықпен жүздесті. Аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйым өкілдерінің, жастар мен кәсіпкерлердің, агросектор мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен жиында ауданды дамыту бойынша өңірдегі істеліп жатқан жұмыстар, аймақтың биылғы вегетациялық кезеңге дайындығы, сондай-ақ кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы салаларының басқа да өзекті мәселелері кеңінен сөз болды.
Жергілікті шаруалар тарапынан ауыл шаруашылығы үшін ең қажетті жеңілдетілген минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағармайдың жеткізіліп берілуі, ағын су тарифінің қымбаттылығы, жекеменшік каналдарды мемлекет меншігіне өткізу жұмыстары елеулі мәселе екендігін алға тартты.
Жиын соңында көтерілген әрбір мәселе бойынша сенаторлар елордаға барған соң алдағы парламент сессиясында күн тәртібіне енгізіп мәселенің шешілуіне оң ықпал жасайтындықтарын жеткізді. Ерте көктемнен тіршілігін бастайтын оңтүстік өңір үшін арнайы жобалар жасау керектігін баса айтты.