ТҮРКІСТАН: Жетісайда 11 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді

0
54

Мектеп қабырғасындағы ең қимас сәттердің бірі саналатын бұл күнде мыңдаған түлек алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда 11 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді

Жетісай мектептерінде соңғы қоңырау соғылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жетісай ауданында оқу жылының аяқталуын айшықтайтын ең жарқын мерекелердің бірі – соңғы қоңырау салтанаты жоғары деңгейде аталып өтті. Мектеп қабырғасындағы ең қимас сәттердің бірі саналатын бұл күнде мыңдаған түлек алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты.

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің генерал-майоры Ерболат Балғабаев, аудан әкімі Серік Мамытов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров пен аудандық білім бөлімінің басшысы Толқын Айгенжиева Жетісай қаласындағы №6 Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясында өткен салтанатты іс-шараға арнайы қатысып, мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тіледі. Олардың жарқын болашақтарына сенім білдіріп, жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуында ұстаздардың орны ерекше екенін атап өтті. Барша педагогтарға ризашылықтарын жеткізді.

Аталмыш білім ұясын биыл бітірген 59 оқушының 11-і «Алтын белгі», 16-сы «Үздік аттестат» үміткері. Одан бөлек, 193 оқушы бастауыш сыныпты аяқтаса, негізгі орта мектепті тәмамдаған 162 оқушының 40-ы үздік атанып отыр. Жаңа оқу жылында 170 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттамақ.

Аудан көлеміндегі үздік білім ошақтарының біріне айналған бұл мектеп-гимназияны соңғы бес жылда бітірген 354 түлектің 108-і «Алтын белгі», 81-і «Үздік аттестат» иегері атанған.

Биыл аудандағы 76 мемлекеттік жалпы білім беретін мектепте 45719 оқушы, 1 негізгі орта мектепте 41 оқушы және 11 жекеменшік мектепте 1922 оқушы білім алған. 11228 бітірушінің 3062-сі жалпы орта мектепті бітірсе, 4001 оқушы негізгі орта білім туралы куәлік алады. 4165 оқушы бастауышты аяқтап, келесі білім сатысына қадам басады. 228 бітіруші «Алтын белгі», 247 бітіруші «Үздік аттестат» үміткерлері.

Бөлісу